Шымкенттегі ықшамаудан тұрғындары ішімдіктен бас тартты

Жалпы зорлық-зомбылықтың көбі маскүнемдіктен туындайды. Қазір көптеген ауыл-аймақ ішімдіктен бас тартқан, деп хабарлайды 24kz.

Жастар да әуес емес. Ал Шымкентте ауылмен қоса қала жұрты да алькогольге қас. Тұтас бір ықшам ауданның тұрғындары ішімдік атаулыны татып алмайды. Арақ-шарап сатылмайды.

Үш жыл бұрын ақсақалдар жаман әдеттен бас тарту туралы бастама көтеріпті. Аға буынның ұсынысын көпшілік қызу қолдап, содан бері мерекелік күндер мен отбасылық шараларды ішімдіксіз тойлап келеді.

Шапырашты тұрғын үй алабы қаланың шет жағында орналасқан. Осында төрт жүзден астам адам тұрады. Азық-түлік сатылатын дүкендерде арақ-шарап мүлдем сатылмайды. Жастардың ағзаға зиянды әдеттен бойын аулақ ұстауына жасы үлкендер дән риза.

Нұрмахан Бекбосынов, қала тұрғыны:

- Жақсы сөз қазақта: «Қарттарының айтатын өсиеті болмаса, жастарының қасиеті болмайды», дейді. Бұл ақсақалдардың жастарға үйреткен тәрбиесі ғой енді. Ауылымызда екі дүкен бар. Екеуінде де ішімдіктер сатылмайды.

Әлия Матова, қала тұрғыны:

- Екі жылдан бері жақсы. Азық-түлікпен айналысып жатырмыз. Сатпаймыз арақтарды, ондай ішімдікпен әуестенбейміз. Жастар да қазір ондаймен әуестенбейді. Жақсы қазір ауылдың жастары.

Тұрғындардың спиртті ішімдіктен бас тартуынан кәсіпкерлердің шаруасына ешқандай нұқсан келмепті. Керісінше, көкөністер мен жеміс-жидекке сұраныс артқан. Сүт өнімдері де тез сатылып кетеді екен. Көпшіліктің салауатты өмір салтын ұстануы учаскелік полиция инспекторының да жұмысын жеңілдетіпті. Қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық, көше төбелесі, ұрлық сияқты заңбұзушылық дерегі азайған.

Талғат Алдияров, Қаратау ауданы учаскелік полиция инспекторы:

- Соңғы уақытта Шапырашты ықшамауданында құқықбұзушылық мүлдем жоқ деуге де болады. Себебі, өткен үш жылдан бері полицияға бірде-бір рет шақырту келген жоқ.

Осылайша, Шымкенттегі шағынаудан үлгілі елді мекенге айналды. Мұнда әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігі мәселесі жоқ. Жуырда 1200 адамға арналған спорт кешені ашылды. Озық үлгідегі мәдениет үйі және ұлттық ат спортына бейімделген стадион да бар. Қуантарлығы, ішімдіктен арылған ықшам ауданға көшіп келушілердің саны жылдан жылға артып келеді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Катерина  Попкова, Самат Нағашыбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов