Құжаты дайын емес тұрғын үйді жарнамалаған блогерлерге ₸7 млн айыппұл салынуы мүмкін
Елордада 50-ден астам құрылыс компаниясына қатысты әкімшілік іс қозғалып, 7 мыңнан астам үлескер арманындағы баспанасына қол жеткізе алмай жүр, деп хабарлайды 24kz.
Өкінішке қарай, мұндай түйткіл тек Астанада ғана емес, басқа өңірлерде де бар. Осыған байланысты Мәжіліс депутаттары құрылыс компанияларына қатысты талапты күшейтетін заң жобасын әзірледі. Үлескерлер құқығын қорғауға арналған маңызды құжат ертең Мәжілістің бірінші оқылымында қаралады. Жобаға қандай өзгертулер мен толықтырулар енгізілген?
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Елордадағы коттедж қалашығының үлескері Жанар Нуртдинова жаңа үйінің кілтін ала алмай, бір жылдан астам уақыт бойы қиналып жүр. Құрылыс компаниясы туралы әлеуметтік желі арқылы білген. Жарнамасына алданып қалғаны соншалық, пәтері мен көлігін сатып, 50 млн теңгесін таунхаус құрылысына салған. Қазір енді баспана да, ақша да жоқ.
Жанар Нуртдинова, қала тұрғыны:
- 2023 жылы таунхаус құрылысына үлескер болдық. Ақшасын алдын ала төлеп сатып алдық. Бір жыл бойы ешқандай жұмыс жүргізілмеді. Компания өкілдері құрғақ уәдемен құтылып келеді.
Бұдан былай азаматтар салынбаған баспананы құрылыс компаниясынан үлескер ретінде алдын ала қолма-қол ақшаға сатып ала алмауы мүмкін. Қаржылық операция енді тек банктер арқылы жүргізіледі. Онда да халықтан ақша жинауға рұқсаты жоқ құрылыс компаниясының шотына қаржы аударған банк те әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Заңға шекеден қарағандар 7 млн теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев бастаған бір топ депутат ертең бірінші оқылымда осы құжатты ұсынады.
Самат Мұсабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұрындары құрылыс компаниясы келеді, құжаты дайын болса да, болмаса да, котлован қазғаннан бастап үлескерлер тартып бастайды. Неше түрлі контрактілер жасайды. Договор займа дейді, брондау, договор инвестиции дейді. Енді оның бірде-бірі болмайды. Тек қана үлескердің қатысуы деген бір түйір договор болады. Егер жосықсыз жасайтын болса, ол жауапқа тартылады. Біздер Азаматтық кодекстің ең жоғарғы 2000 АЕК айыппұл тағайындадық.
Заң жобасындағы түзетулер мен өзгертулерге сәйкес, құжаты дайын емес тұрғын үйлерді жарнамалайтын блогерлерге де әлеуметтік желідегі әр жарнамасы үшін 7 млн теңгеден астам айыппұл салу көзделіп отыр. Мәселен, заңсыз үш жарнама жарияланса, айыппұл көлемі 22 млн теңгеге жуықтайды. Үлескермен жасалатын барлық келісімшарт арнайы тұғырнамаға енгізіліп, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» арқылы тіркеледі.
Самат Мұсабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мемлекеттің, ТЖК-ның, болмаса, екінші деңгейлі банктердің талабын жұмсақтау қылып жатырмыз. Өйткені бұрын тек ірі компаниялар рұқсат алып, жұмыста бастайды, котлован қазады, үлескерді тартады. Ал ортаңқол компаниялар олай жасай алмайды да, заңсыздыққа барады деп тәжірибелерін 18 жылдан 9 жылға, өңірлерде 9 жылдан 5 жылға, 3 жылдан 2 жылға стаждарын азайтып, осындай шаруалар заңда көрсетіліп жатыр.
Елордада құрылысы бітпеген тұрғын үйлерді аяқтап, үлескерлерге пайдалануға беру мақсатында бюджеттен осы күнге дейін жалпы 214 млрд теңге бөлінген.
Ерлан Құлышев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің департамент директорының орынбасары:
- «Қазақстан тұрғын үй компаниясының» алаңы негізінде үлескерлерді қолдау орталығы ашылады. Бүкіл ел аумағында бірыңғай жүйе ретінде жұмыс істейді. Онда қызметкерлер халыққа баспананы сатып алу кезінде қаржылық сауаттылық пен сақтық шараларын сақтау бойынша кеңес береді. Құрылысқа рұқсаты мен кепілдігі бар компаниялардың тізімін ұсынады.
Айта кеткен жөн, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» ұсынған деректерге сәйкес, бүгінде елімізде 115 құрылыс нысаны рұқсатсыз және кепілдіксіз салынып жатыр. «Бұл ел экономикасына қосымша ауыртпалық әкеледі», - дейді сарапшылар.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Мерей Талап