Жылдамдықты есептейтін жаңа жүйе қалай жұмыс істейді?
Құстай ұшып, желмен жүйткіген жүргізушілерге тықыр таянды. Орташа жылдамдықты есептейтін жаңа жүйе темір тұлпар тізгіндеген азаматтарды жаппай тәртіпке салып жатыр. Заң күшіне енгені сол еді, небәрі 4 күннің ішінде Түркістан облысында 150-ден аса құқықбұзушылық дерегі анықталған. Қырағы камераны көзге ілмегендер 18 мыңнан бастап, 147 мың теңгеге дейін айыппұл арқалапты. Көлік тізгіндеген көпшілік, жаңашылдықты қалай қабылдады? Ережеде нені ескерген жөн?
Желмен жарыса жүйткитін жүргізшілер көп қазір. Діттеген жеріне жанталасып, уақытынан бұрын жетіп жатады. Алайда қара жол қателікті кешірмейді. Ресми дерекке сүйенсек, 11 айдың өзінде 2345 адамның өмірі жол бойында үзілген. Енгізілген ереже ең алдымен жөнсіз кеткен жүргізушіні тәртіпке салуды көздейді.
Бақытжан Оразбайұлы, қала тұрғыны:
- Өлім-жітім көбейіп кетті ғой. ДТП, авария күнде. Аузы күйген үрлеп ішеді деп біріншісінде айыппұл төлейді, екіншісінде жай жүреді. Қолымнан келгенше жол ережесін сақтаймын. Айыппұл төлегім келмейді.
Есен Қоржабай, қала тұрғыны:
- Ережені сақтау керек қой бәрі. Заң бар. Ауыр тисе де, ережені бұзбау керек. Өйткені бір үйренгеннен кейін мына шетелдерде ереже бұзылмайды ғой. Бірте-бірте үйренеді халық. Ең бастысы, амандық керек адам баласына.
Бұдан былай бұрынғыша 2-3 сағаттық жолды 1 сағатта еңсеруге болмайды. Көлік тізгіндеушілер енді екі аралықтағы жүріп өткен уақытқа есеп береді. Орташа жылдамдық әр трассада әртүрлі тізімделеді. Ережені ескермей, еркінсіп үйренгендер асықпай-аптықпай жүрулеріне тура келеді. Себебі жолдағы қырағы камералар жүріп өткен уақытты тіркейді.
Ендігі жерде көлік тізгіндеген сіз бен біз ескеру керек басты талап – орташа жылдамдық. Бұл жерде А нүктесі мен Б нүктесі аралығындағы қашықтықтың уақыты есепке алынады. Мәселен, бас қаладан Көкшетауға бағыт алсаңыз, екі ортадағы жол 300 шақырым. Демек сіз діттеген жеріңізге кемінде 3 сағатта жүріп баруыңыз керек. 2,5 сағатта жетсеңіз, айыппұл арқалайсыз.
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ ресми өкілі:
- Белгіленген жол учаскесін сол жолды жүріп өткен уақытқа бөлу арқылы анықталады. Орташа жылдамдық әр көліктікі әртүрлі болады, осы маңызды формуланы есте сақтаған дұрыс. Ешкім өзінің орташа жылдамадығын есептемейді. Автоматты түрде тіркеу жүйелері қала сыртында жолдарда орналасқан аркалардан өткен кезде автокөліктікі әртүрлі болып есептеледі. Жүйе автоматты түрде есептейді. Әр трассада белгіленген жылдамдық әртүрлі. Кейбірі 110, 120, 140.
Мәселен, Астана-Павлодар тасжолы 385 шақырымға созылған. Қос аралықта 7 камера бар. Сағатына 140 шақырыммен жүргенде жолға шамамен 2 сағат 45 минут уақыт кетеді. Егер одан ерте жетсеңіз, ереже бұзған болуыңыз мүмкін.
Құзырлы орган енгізген жаңашылдыққа қатысты қазір қоғам пікірі екіге бөлініп тұр. Бірі бастама жан баласының амандығы үшін қолға алынғанын түсінсе, тағы бірі қалта қағу деп пайымдайды. Әлеуметтік желіде әзілдеп жатқандар табылады.
Айыппұл мөлшері жылдамдықты қаншалықты асырғанына байланысты құбылып отырады. Ең азы 18 мың теңгеден басталса, өрескел бұзушылық үшін 147 мың теңгеге дейін төлем қарастырылған. Ереже енгізілген 4 күннің ішінде бір ғана оңтүстікте 150-ден аса дерек анықталыпты. Тараз – Қайнар учаскесіндегі камералар біраз жүргізушілердің қалтасын қаққан көрінеді. Жолдағы апат азаймай, айыппұлдың да өсе беретіні анық.