Биыл адам саудасына қатысты 200-ден аса қылмыс тіркелді
Қазақстанда 11 айдың ішінде адам саудасына қатысты 200-ден аса қылмыс тіркелді. Дені құлдықтың қамытын киіп, бәз біреулердің қолында отырғандарға қатысты. Кәмелетке толмағандарды қара жұмысқа жегу мен жезөкшелікке тарту дерегі де көбейгені байқалады. Бүгін С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде Адам құқықтары күніне арналған шара өтті. Құзырлы орган өкілдері мен сала сарапшылары студенттерге адам саудасынан сақтанудың жолдарын айтып өтті.
Шынар Күшербаева, ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басқармасы бастығының орынбасары:
- Ішкі істер министрлігі тарапынан алдын алу жұмыстары мен тәжірбиелік шаралар жиі өткізіліп тұрады. Осының нәтижесінде қазір ғаламдық қасіреттің жолын кесу бастамалары оң өзгеріс алып келіп жатыр. Өкініштісі, жыныстық қанау, мәжбүрлеп қайыр сұрату, сәби саудасы әлі күнге жойылған жоқ. Жиі кездесіп жататыны жеңгетайлық жасап, жезөкшелікпен айналысатын притондар болып тұр.
Сондай-ақ министрлік өкілі бүгінде мигранттарды жұмысқа заңсыз жегу мәселесі өршіп тұрғанын айтты. Қыруар қаржы табамын деп шетел асып, кейін сан соғып қалатындардың көбейгенін жасырмады. Жыл басынан 58 қылмыстық іс қозғалған. Оның алтауы шетелдіктерге қатысты. Сол үшін мамандар әккілерге алданып қалмас үшін өзге елге жұмысқа барарда барынша сақ болу керектігін ескертті. Әсіресе шекара асқанда жеке басын куәландыратын құжаттарды ешкімге бермеуге шақырды.
Тастемір Әбішев, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары:
- Қазіргі кезде адам құқықтарын ары қарай жақсартуға үлкен көңіл бөлеміз. Осы жұмыстары жалғасын табады. ІІМ-нің жалғыз күші жете бермейді. Сондықтан арнайы үкіметтік емес ұйымдар Қазақстанның 20 өңірінде бар. Сонан кейін дағдарыс орталықтары көмек көрсетеді. Адам саудасы құрбандарына 8 түрлі көмек көрсетіледі.