Қарағанды облысында ірі көлемде есірткі сатумен айналысқандар ұсталды
Қарағанды облысында ірі көлемде есірткі сатумен айналысқан күдіктілер ұсталды.
Олардан тергеу барысында 8 келіге жуық гашиш тәркіленді. Бұл жыл басынан бері облыс аумағында есірткі заттарын тарату және графити суреттер арқылы жарнамалау бойынша анықталған бесінші дерек. Өңір прокурорлары мен полициейлері есірткі қылмысына қарсы профилактикалық шараларды күшейтті.
Рустамның жасы 16-да. Ол синтетиткалық есірткі заттарын жасырушы болып жұмыс істеген. Барлық тапсырманы әлеуметтік желі арқылы алып отырған. Осылайша оңай табысқа кенелем деп ойлаған ол екі аптадан кейін тәртіп сақшыларының қолына түскен. Қылмысы дәлелденіп, сот оны 7 жарым жылға бас бостандығынан айырды.
Рустам, жазасын өтеуші:
- Менімен телеграм арқылы хабарласып отырды. Қанша тапсырыс орындасаң сонша ақша төлейді. Күніне 20 мыңнан - 70 мың теңгеге дейін алып жүрдім. Осындай қылмыс жасағаныма өкінемін. Жастық шағым түрмеде өтуде. Туыстарыңды ұзақ уақыт көрмейсің.
Осылайша ұсталып, түрмеге қамалып жатырғандар аз емес. Бірақ есірткі саудасы тыйылар емес. Күні кеше Қарағандыда ірі көлемде есірткі сатумен айналысқан 2 күдікті жедел іздестіру кезінде ұсталды. Тергеу барысында заңсыз айналымнан 8 келіге жуық есірткіге ұқсас зат тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, оның гашиш екені белгілі болды.
Бақытжан Құдияров, облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы:
- Күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция есірткі заттарын сату ауыр қылмыс санатына жататынын және ол үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылып 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін еске салады.
Жыл басынан бері өңірде есірткі заттарын тарату және граффити суреттер арқылы жарнамалаудың бес дерегі анықталып, ұсталғандар жауапкершілікке тартылды. Соның ішінде ірі көлемде есірткі дайындаған зертхана жойылып, 1 тоннадан астам прекурсорлар және 10 келіден астам дайын есірткі заты тәркіленген. Өңірде есірткі қылмысының алдын алу үшін арнайы акция бастады. Жастар прокуратура, полиция қызметкерлерімен бірлесіп графити жарнамаларды өшіріп жүр.
Руслан Нұрланұлы, Зарина Зұлпыхар