Ақтау портында контрабандалық темекі тәркіленді
Ақтау теңіз порты арқылы елге ірі көлемде темекі өткізбекші болғандар ұсталды, деп хабарлайды 24KZ. Құзырлы орган Ираннан келген контейнерлердің бірін тексеріп, 230 мыңға жуық қорап темекі тапқан.
Бұл жүктің құжатында «қоқыс жәшігі» деп көрсетілген. Контрабандалық тауардың құны 86 млн теңге. Қылмыстық деректің мән-жайын бірлескен жұмыс тобы анықтауға кірісті. Бұл биыл Маңғыстау өңірінде заңсыз темекі партиясын алып өту бойынша тіркелген алғашқы дерек.
Айдос Мұратов, Маңғыстау облысы бойынша ЭТД аға тергеушісі:
- Облыстық мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлерінің және бас көлік прокуратурасының үйлестіруі негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 234-бабы, 2-бөлігі, 4-тармағымен, яғни ірі мөлшердегі экономикалық контрабанда бабы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс шеңберінде тиісті сараптамалар тағайындалды.