Астанада 300 мың оқушы мен студент бір мезетте диктант жазды

Астанадағы білім ордаларында оқушылар мен студенттер бір мезетте «Есірткіге жол жоқ!» тақырыбында диктант жазды, деп хабарлайды 24KZ. Акция өскелең ұрпақты еліткіш заттардан қорғауға бағытталған. Мұндай мазмұнды шара елімізде алғаш рет өткізіліп отыр.

Полицейлер білім басқармасымен бірлесіп, жасөспірімдер арасында есірткі қылмысын азайтуға күш салып жатыр. Іс-шаралар 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарға енгізілген. Қалалық диктант та дәл осы құжат шеңберінде алғаш рет ұйымдастырылды.

Әлия Қибатқызы, қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:

- Иә, біз шараларды өткіземіз, дәрістерді өткіземіз, көптеген видеоматериалдарды көрсетеміз. Алайда студенттер, оқушылар өздерінің қолымен нашақорлықтың алдын алу бойынша, сондай-ақ есірткімен байланысты қылмысқа қандай жаза түрі қолданылатынын, қалам арқылы ойла дейді ғой, осындай іс-шараны өткізіп отырмыз.

Мамандардың мәліметінше, биыл елордада есірткі қылмысы бойынша 407 іс қозғалған. Оның жартысынан көбі еліткіш заттарды сату дерегі болып отыр. Қылмыстық істердің жетеуі жасөспірімдерге қатысты. Қалалық диктант барысында оқушылар мен студенттерге нашақорлықтың зияны туралы жан-жақты түсіндірілді.

Әділхан Дүйсекеев, студент:

- Жаман жолға тартпай, жақсы жолмен жүретіндей, әрбір затты тарата бермей дегендей, диктант жазып жатырмыз. Сегіз жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыруға, қазіргі таңда заң қатал. Соны түсіндім.

Шахниза Кабулова, оқытушы:

- Естігеннен гөрі жазған әлдеқайда есте қалады. Болашақта студенттер ол білімдерді тәжірибеде де қолдана алады. Сол себепті іс-шара өз мақсатына жетті деп ойлаймыз.

Қалалық диктантқа мектеп, колледж және университетте оқитын 300 мың адам қатысты. Полицейлер мұндай мазмұнды шараны дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Мұрат Әріпханов.