Перизат Қайраттың мүлкі тәркіленді
Қоғамдық қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы және басшысы Перизат Қайраттың мүліктері тәркіленді.
Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. Тәркіленген заттардың арасында арасында танымал әлемдік брендтердің киімдері және аяқ киімдері, зергелік бұйымдары мен сөмкелері бар. Мұның бәрі Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиылған ақшаға сатып алынғаны анықталды. Бұдан бөлек, сот санкциясымен оның Астанадағы бірқатар пәтері мен коттедж қалашығындағы элиталық жылжымайтын мүлкі және қымбат автокөліктері бұғатталды. Тәркіленген мүлік «заттай дәлелдеме» ретінде танылып, іс материалдарына қосылды.
Еске салсақ, еріктілер қозғалысының белсендісі, блогер Перизат Қайрат көктемгі су тасқыны кезінде қазақстандықтарға жәрдемдесуге және палестиналықтарға гуманитарлық көмек көрсетуге жиналған 1 млрд 700 млн теңгеден астам ақшаны жымқырды деген күдікке ілінді. Қазір тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.