Ақмола облысындағы тасжолда 95 көлік соқтығысты

Ақмола облысындағы тасжолда күн райының қолайсыздығы салдарынан бір мезетте 95 көлік соқтығысты, деп хабарлайды 24KZ. Жаппай көлік апаты Астана-Зеренді трассасы бойындағы Жаңаталап ауылы маңында болды. Жол-көлік оқиғасына ұшыраған көліктердің 10-ы шығарылып, 30-ы апат орнынан өздері кетті. Құтқару жұмысына 22 бірлік арнайы техника және 25 адам жұмылдырылды. Жүргізушілер мен жолаушыларға көмек беру ұйымдастырылды. Зардап шеккен екі адам емдеу мекемесіне жеткізілген. Жолда қозғалысқа шектеу енгізілді.

Кейінгі екі тәулік бойы өңірде күн райы күрт құбылып тұр. Қар аралас жаңбыр жауып, кей аймақтарға тұман түскен. Сондықтан полицейлер алыс жолға шыққанда сақ болу қажеттігін ескертеді.

Арман Жүсіпов, «КАЖсервис» ЖШС бас директоры:

- Жолда көру көрсеткіші нашарлауынан және жылдамдық режимін сақтамаудан 95 автомобиль көлік апатына түсті. Қазір біз оқиға орында құтқару жұмыстарын жалғастырамыз. Мұнда 25 адам және 222 техника жұмылдырылған.

Оқиға орнында көмек көрсету үшін құтқарушылар, полицейлер және «ҚазАвтоЖол» мамандары жұмыс істеп жатыр. 4 жылыту пункті іске қосылды. Онда орналастырылған жолаушыларға ыстық тамақ беріледі. Сондай-ақ «Жедел желі» іске қосылды.

Көлік апатына қатысты «Жедел желі» телефоны: 8-7162-52-09-50