Қ.Тоқаев: Бұл сұхбатты отандастарыма жолдаған арнайы үндеуім деуге болады
«Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында осылай деді.
Баспасөздегі пікір алмасу кезінде халықты алаңдатқан қордалы мәселенің барлығы қаузалды. Мемлекет басшысы уақыт белдеуі, Талғар оқиғасы және заңның күшейіп, жазаның қатаңдауына қатысты да пікір білдірді.
Жылашар сұхбаттағы талқыланған тақырып мұнымен шектелмейді. Президент Ақорда айналасында жүрген қауесеттерге жауап беріп, ресми мінберлерде айтыла бермейтін саяси сырлармен де бөлісті. Оның ішінде биліктің ауысуы және тұңғыш Президенттің Мәскеуге сапары да қаузалған.
Бекзат Аманов, тілші:
- Күнтізбенің жаңа беті басталды. Мерекелік демалыс қой, сондықтан қараша бұл күндері жоспарын жобалап, бағытын бағдарлайды. Президент те жылдың осы уақытында отандық баспасөзге сұхбат беруді дәстүрге айналдырған. Биыл да сол үдірстен жаңылмады. Әңгімелесу алаңы ретінде «Ана тілі» газеті таңдалғаны бекер емес. Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатта қазақ тілінің қадір-қасиетіне кеңінен тоқталып, бұқараны толғандырған сұрақтың барлығына жауап берді.
Иә, Президент қаузаған мәселе көп. Алайда біз жылашар сұхбатты бұқара аузындағы әңгімеден бастауды жөн көрдік. Кейінгі уақытта Президент тағынан кетеді-мыс деген қауесет желдей есіп жүр. «Тиісінше, жаңа сайлау өтеді, ал Тоқаев Біріккен ұлттар ұйымын басқарады», деген жансақ пікір тарады. Алайда Мемлекет басшысы мұны жоққа шығарды.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен Біріккен ұлттар ұйымы Бас хатшысының орынбасары және Қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы ретінде осы ұйымның Женевадағы кеңсесін үш жылға жуық басқардым. Халықаралық үдерістердің қыр-сырына бойлап, мол тәжірибе жинадым. Осының өзі артығымен жетеді деп ойлаймын. Менің елімізді дамытуға қатысты талай жылға арналған ауқымды жоспарларым бар, оның бәрін жүзеге асыруға ниеттімін.
Қ.Тоқаев: Тұңғыш Президентпен айына бір рет телефон арқылы сөйлесіп тұрамыз
Жыл соңында тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге барып, Владимир Путинмен кездесті. Жасыратыны жоқ, бұл ақпарат жұртшылық санасын сан-саққа жүгіртті. Қарапайым халық қана емес, депутаттар да дүрлікті. Әлеуметтік желіде мұндай жүздесудің ақылға сыймайтын айтып, наразылығын білдірді. Сол үшін бұл сұрақтың Мемлекет басшысына қойылуы заңдылық.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің желтоқсандағы кездесуі өткен жылдағы екінші жүздесуі ғой деймін. Күз басындағы бірінші кездесу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған жоқ. Олар байырғы достар әрі әріптестер ретінде жүздесетін болса керек, ортақ әңгімелері де бар шығар. Мұндай кездесулер әдетте Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен өтеді. Ол үшін мұның маңызы зор.
Сұхбатта Президенттің Нұрсұлтан Әбішұлымен байланысы да сұралды. Ашығын айту керек, Мемлекет басшысы оның елге сіңірген тарихи еңбегін әділ бағалау қажеттігін бұған дейін де бірнеше рет айтты. Кез келген дәуірдің жақсы жағы да, көлеңкелі тұстары да бар екенін еске салып: «Жаңа тарихымызда жарқын сәттер әлдеқайда көп», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің пікірінше, өткенді ұмытуға болмайды, ел шежіресін басынан бастап қайта жазу тіпті қауіпті.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әрине, Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жыл бойы ел тізгінін ұстаған уақытта кемшіліктер болды. Бірақ ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді. Ашығын айту керек, ол отставкаға кеткенімен, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып отырған кезде саяси сыпайылықты сақтай бермейтін. Мұны да айта кеткен жөн. Үнемі Премьер-министрді, Ұлттық банктің төрағасын, министрлерді, әкімдерді шақырып алып, жиналыс өткізетін. Бұған өз азаматтарымызды былай қойғанда, шетел басшылары мен дипломаттары да таңдана қарайтын.
Қ.Тоқаев: Президенттік басқару Қазақстан үшін қазір ең ұтымды тәсіл
Билік айналасындағы қауесет айтылған жерде Парламенттік жүйеге көшу туралы пікір ескерусіз қалмайтыны анық. Журналист Ерлан Жүніс іргелі реформа дайындалып жатқаны қаншалықты шындыққа жанасатынын сұрады. Қасым-Жомарт Тоқаев өткір сұраққа байыппен жауап берді. Әлемдік тәжірибені мысалға ала отыра, қазіргі жүйенің тиімділігін айтты. Яғни, Қазақстан Президенттік басқару жүйесінде қалады. Кез келген өзгеріс жалпыхалықтық референдумда шешіледі.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Посткеңестік елдерде парламенттік басқару жүйесі жақсы қырынан көріне алған жоқ деген пікірге келісесіз деп ойлаймын. Грузиядағы соңғы оқиғалар осы пайымға нақты дәлел бола алады. Мемлекеттік биліктің саяси жүйесін таңдау – айрықша жауапты шешім. Мұндай шешімдер үркердей топтың оңаша басқосуында емес, тек қана жалпыхалықтық референдумда қабылдануы керек. Президенттік басқару тәсілі Қазақстан үшін қазір де, таяу кезеңде де ең ұтымды тәсіл деп сенемін.
Президент мемлекетке зияны тиетін шешім қабылдауға ешкімнің қақысы жоқ екенін де айтты. Әрі қарай мерзімінен бұрын өтуі мүмкін Парламент сайлауы жайлы пікір білдірді. «Мұндай болжамдар бар екенін білемін. Бұл ақпарат әдейі таратылып жатыр деп ойлаймын. Меніңше, Парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге әзірге еш негіз жоқ», - деді Мемлекет басшысы.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің елде жаңа Үкімет жұмысына кіріскен бетте оның отставкаға кететіні туралы әңгіме тарайды. Парламент туралы да дәл солай деуге болады. Мен Парламент депутаттары азаматтық және саяси жауапкершілік танытып, жақсы жұмыс істеп жатыр деп ойлаймын. Ал Үкімет – ауыс-түйіске бейім құрылым. Оның құрамында түрлі жағдайға, оның ішінде «Amanat» партиясының және Парламенттегі басқа да партиялардың ұстанымына байланысты өзгерістер болуы мүмкін.
Қ.Тоқаев: Реформа – ұдайы жүретін үдеріс
Президент негізгі саяси реформалар аяқталғанын жеткізді. Бірақ бұл бір орында тұрып қалу дегенді білдірмейді.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Реформа – ұдайы жүретін үдеріс. Қоғамда нақты сұраныс болса, жаңа реформалар әзірленеді. Реформалар елді өркендету ісінің ажырамас бөлігі болған, бола да береді. Мен халыққа Жолдауымды жариялағанда мемлекетімізді одан әрі дамытуға қатысты тың бастамалар ұсынамын. Ұлттық құрылтайдың отырыстарында азаматтардың көкейіндегі өзекті мәселелерге баса назар аударып жүрмін. Биыл да солай болады.
Президент үкімет жұмысына баға берді
Үкіметтің жаңа құрамы жасақталғанына, 11 ай өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев министрлер кабинетінің жұмысына баға берді. Нәтиже жаман емес. Алайда бәрі мінсіз деуге келмейді, проблемалар бар.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Үкіметтің жұмысы нақты нәтижеге орай, әділ бағаланады. Басты көрсеткіш – азаматтардың тұрмыс сапасы. Экономикадағы жетістіктер адамдардың күнделікті өміріне оң әсерін тигізбесе, оны әншейін сөз жүзіндегі жетістік деуге болады. Қазақстанға экономиканың 4%-тік өсімі аздық ететіні анық. Бұл туралы шетел өкілдеріне де айтып жүрмін. Үкімет экономиканы барынша дамыту үшін тың тәсілдер табуға тиіс.
Иә, экономикаға серпіліс керек екені анық. Президент сала басшыларының жұмысын орташа деп бағалады. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзге шешен болғанымен, іске мешел мамандарды босату туралы айтты. Мұнымен шектелмей, ұлттық валюта бағамына қатысты пікір білдірді.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Нарыққа қатысы бар кейбір құрылымдар теңге бағамын басқаруға қолайлы ету туралы ұсыныстар айтып жүр. Ұлттық банк пен Үкімет оның бәрін мұқият қарастырып жатыр. Мәселені зерделеген соң бұл бағыттағы ұстанымымызды өзгерту қажет пе деген сауалдың жауабы белгілі болады. Қазір өңірлердегі ахуалды және экономиканың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін жақсы білетін, яғни, жергілікті жерде еңбек етіп, ысылған мамандар қажет. Былтыр 17 желтоқсанда Премьер-министр Олжас Бектеновпен кездескенде осы мәселені талқыладық.
Президент уақыт белдеуіне қатысты пікір білдірді
Әрі қарай бұқара талқысына түскен маңызды мәселелерге тоқталсақ. Президент уақыт белдеуіне қатысты пікірін айтты. «Жағдайды біліп отырмын, мәселе тағы мұқият талқылануы керек», - деді.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Парламентте ғалымдардың, сарапшылардың және аймақ өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдау өтті. Тараптар уақыт белдеуін ауыстырудың ел экономикасына және азаматтардың тұрмысына әсері жөніндегі барлық пікірді ескере отырып, 1 наурызға дейін жан-жақты зерттеу жүргізуге уағдаласты. Содан кейін нақты ұсыныстар әзірленеді. Парламент пен Үкімет бұл мәселені байыппен зерделеп, ортақ әрі дұрыс шешімге келетініне сенімдімін.
Президент Талғар оқиғасына қатысты пікір білдірді
Қалың қарашаның назарын аударған тағы бір мәселе – Талғар оқиғасы. Шерзаттың өлімі күллі қазақ елін дүр сілкіндіріп, дүрбелеңге салды. Көпшілік бұл мәселе бойынша Президенттің пікірін білгісі келеді.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Талғардағы оқиғадан кейін құқық қорғау органдары қажетті шаралардың бәрін қабылдады. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеп-тексеру жұмыстары аяқталуға жақын. Көп ұзамай осы іске қатысты сот болады. Бұл оқиғаға орай құзырлы органдар қабылдаған барлық шара заң талаптарына толық сай келеді. Ал басқаның бәрі – құр дақпырт пен теріс пиғылды кейбір топтардың осы жағдайға саяси сипат беруге деген ұмтылысы ғана. Бұған жол беруге болмайды.
«Заң мен тәртіп» қағидаты мызғымастай орнығуға тиіс
Президент заң мен тәртіп қағидасы жайлы жиі айтады. Алайда кейбірі мұны қоғамға «қылбұрау салу» деп қабылдап жатыр. Ал Мемлекет басшысының пікірінше, жазалау шараларын қолдану – қоғамға жаппай бақылау орнату емес, құқықтық мемлекет һәм Әділетті Қазақстан құру.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің міндетіміз – бұл қағидатты еліміздің құндылықтар жүйесіне барынша кіріктіріп, халық болмысының, қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру. «Заң мен тәртіпті» берік орнықтыру үшін көп уақыт пен күш-жігер қажет екенін түсінемін. Себебі бәрі бірдей бұл қағидатты қатаң ұстануға, оны өмір салтына айналдыруға әлі дайын емес. Бірақ талаптанған адам қалайда мұратына жетеді.
АЭС құрылысына қатысты конкурс биыл өтеді
АЭС салуға қатысты конкурстың рәсімдер биыл өткізіледі. Түпкілікті шешім содан кейін қабылданады. Жобаға Ресей және Қытай компаниялары қызығушылық танытып отыр. Батыс елдерінің корпорациялары да салуға ниетті.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанға қуатты атом стансасы қажет екені анық, мен бұған сенімдімін. Оған қоса, таяу арада екінші, тіпті үшінші атом электр стансасын салуымыз мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Ядролық өнеркәсіп саласы қазірдің өзінде энергетика тапшылығына тап болып отырған экономикамызды өркендетуге зор серпін береді. Қазақстан ядролық энергетикасы дамыған елге айналуы қажет деп санаймын. Оның болашағы зор.
Қазақстанның әлеуеті ядролық энергетика саласында ғана емес, орта держава ретінде де мығым. Әлемдік аренадаға халықаралық қатынастар жүйесі құлдырай түскен шақта орта державалар күш біріктіріп, жанжалдасқан тараптар арасында мықты дәнекер бола алады. Сол арқылы халықаралық текетірестің қызуын бәсеңдетеді. «Мен орта державалар үшін дәл осындай шақ туғанына сенімдімін», - деді Президент.
Қ.Тоқаев: Ана тіліміздің болашағы жарқын екеніне еш күмәнім жоқ
Сұхбатта қазақ тілінің жай-күйі де айтылды. Президент қазақша сөйлеу сәнге айналғанын айтып, сұраныс артып жатқанына тоқталды. Мұның бәрі мемлекеттің өте сақ болуды қажет ететін әрі саяси тұрғыдан маңызды саналатын осы саладағы саясаты тиімді жүргізіліп жатқанынын көрінісі.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ана тіліміздің болашағы жарқын екеніне менің еш күмәнім жоқ. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде халқымызды ұйыстыру жолында маңызды рөл атқара береді. Бірақ тіліміздің тұғырын нығайтамыз деп, оны басқа тілдерге, соның ішінде орыс тіліне қарсы қоймау керек.
Сұхбат соңында Президент баспасөзге жақындығы жайлы да айтты. Мерзімді баспасөз мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала беретініне тоқталды.
Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Газет-журнал оқу – жас кезімнен қалыптасқан дағды. «Аna tili» газетін де тұрақты оқып тұрамын. Мен мәліметті телевидение, интернет, әлеуметтік желі сияқты сан алуан ақпарат көздерінен аламын. Бұдан бөлек, күн сайын түрлі мекемеден материалдар келіп түседі. Мен ақпарат кеңістігіндегі үрдістерді жіті қадағалап отырамын. Жазбаша мәтіндердің мән-маңызын төмендетуге болмайды.
Президент мәселені ашық талқылағанын айтты. Жылашар сұхбатта Қасым-Жомарт Тоқаев көптің көкейінде жүрген маңызды сұрақтарға жауап беріп, күдік ойларды сейілтті. Сөз соңында Президент: «Бұл сұхбатты елге терең ой салу және отандастарыма жолдаған арнайы үндеуім деуге болады», - деді. Шын мәнінде, бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр.
Авторы: Бекзат Аманов