Бірыңғай уақыт белдеуі: мамандар не дейді?

Уақыттың бір сағатқа шегерілуін сарапшылар қазақстандықтардың табиғи уақытқа оралуымен сәйкестендірді.

Бұл әрине ел үшін оңтайлы шешім деген пікір қалыптасып келеді. 

Елдегі уақыт белдеуін ауыстыру  жайдан жай қабылданған шешім емес. Терең ғылыми зерттеулер негізге алынған.  Сондықтан халық арасындағы бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты жаңсақ пікірлер орынсыз дейді сарапшы.

Болат Нұрхожаев, қолданбалы хронобиология маманы, ҚР Аумағындағы уақыт мәселелері бойынша есепке алу жөніндегі ведомствоаралық топтың мүшесі:

- Қоғамда көптеген пікірлер болып жатыр. Бірақ оны білу үшін уақыт өлшемі не, белдеулі уақыт, жергілікті уақыт деген не жазғы-қысқы уақыт деген не   екенін біліп барып үн қосқан абзал. Себебі көптеген адамдар халықты шатастырып жатыр. Көптеген адам мұнау дұрыс емес екен деген дүрмекке еріп жатыр. Мұның бәрі субъективті пікірлдер. Ал объективті ғылымның табиғи дәлелденген табиғи уақытқа өмір сүру адам өмірінің физиологиясына да барлық жағынан да қатысты екені анықталып отыр.

Ал астрофизика институтының маманы Любовь Шестакова еліміз тарихи негізделген уақытқа оралды дейді. Оның айтуынша, 1930 жылдан бері бірқатар аймақ алға жылжып кеткен уақытпен өмір сүріп келген. Бұл астрофизика және география ғылымдары тұрғысынан қате шешім.

Любовь Шестакова, Г.Фесенков атындағы астрофизика институтының зертхана меңгерушісі:

- Біздің меридианның орталық белдеуі 75 градус және ол UTC+5 уақытына дәлме-дәл сәйкес келеді. Біз өз географиямызды өзгерте алмаймыз ғой. Бұл біздің орналасу аймағымыз үшін табиғи әрі заңды уақыт белдеуі. 1930 жылы елдегі уақытты есептеу жүйесі өзгеріп, оны бір сағатқа алға жылжытып, біз UTC+6 белдеуіне өттік. Біз 100 жыл бойы өз өмірімізге сәйкес келмейтін уақытпен өмір сүрдік. Сондықтан UTC+5 еліміз үшін жаңа уақыт белдеуі емес, керісінше, тарихи негізделген уақытқа оралу деуге болады.

Қолайлы уақыт белдеуін белгілеу үшін медицина, физиология, метрология мамандарынан құрылған зерттеу тобы жұмыс істеді. Сондықтан сағат белдеуін өзгерту туралы шешім ғылыми тұрғыда негізделген, экономикалық жағынан да орынды дейді сарапшылар.

Мөлдір Молдағали