Қарағандыда құтқарушыларға жаңа техника берілді
Қарағандылық құтқарушыларға 15 жаңа көлік пен қажетті құрал-жабдық берілді.
Өрт сөндіруге арналған және жол талғамайтын жүрдек машиналар енді құтқару шараларын жеңілдетеді. Сондай-ақ төтенше жағдай мамандары су асты іздеу операцияларына қажетті құралдармен қамтылды.
Қарағанды өңірінде құтқарушылар оқиға орнына үшін көп жағдайда қарлы-батпақты даламен жүреді. Жаңа көліктер төтенше жағдай мамандарының жұмысын жеңілдетері сөзсіз. Озық техниканың бірі ұзындығы 32 метрлік сатысы бар арнайы көтергіш. Ол өрт сөндірушілерге 12 қабатты үйдің төбесіне жылдам шығуға мүмкіндік береді. Биік ғимаратта тұтанған жалынды өшіруде таптырмас құрал.
Нұралы Смағұлов, ТЖД Жедел өрт сөндіру қызметінің кезекшісі:
- Алынған техника біздің төтенше жағдайдың алдын алуға және ден қоюға, уақытылы адамдарды құтқаруға өте жақсы көмегін береді. Су астындағы іздеу жұмыстарына арналған эхолот, 166 жиынтығы бар жауынгерлік киім және де ауаны толтыруға арналған компрессор алынды.
Ал алты дөңгелекті «Трэкол Вега» көліктері жол талғамайды. Тау-тасты алқапта еркін қозғалатын машина боранда қалған бақташылар мен жолаушыларды іздеуге қолданылады. Күшейтілген жылыту жүйесі бар көлікке 10 адам сияды. Құтқарушы Ринат Латыпов 15 жылдан бері жауапты қызметте жүр. Айтуынша, мұндай техникамен алыс қашықтыққа баруға болады.
Ринат Латыпов, құтқарушы:
- Қыс мезгілінде алыс жерге бару құтқарушылардың өзіне де қауіпті. Осындай сәтте жол талғамайтын жүрдек көліктер бізге жүктелген тапсырманы орындауға көмегін тигізеді. Қызметтік автопарк келер жылы да жаңа техникамен толығатынын естіп, қуанып жатырмыз.
Айта кетейік, 2025 жылы қарағандылық құтқарушыларға тағы 18 арнайы көлік беріледі. Соның ішінде автосатылы екі машина алу жоспарланған. Оның көмегімен 25 қабат биіктікке дейін көтеріліп, адамдарды эвакуациялауға болады.
Талғат Исламұлы, Лиана Жамлиханова, Сайлау Игіліков, Зарина Зулпыхар