Биыл Маңғыстау облысына 367 мың турист саяхаттады
Маңғыстау облысына бес жылда 4 трлн теңге тартылды. Алда да аймақта 666 млрд теңгеге 42 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Меже орындалса 1800 жұмыс орны құрылады. Биылдың өзінде байырқалы бастама аясында 14 нысан іске қосылып, 435 адам жұмыспен қамтылды. Бұған қоса Ақтаудағы ауыз су мәселесі де шешімін табады. Каспий су тұщыту зауытының қуаты 40 мың текше метр дейінгі ұлғаяды. Бұл жайлы бас қалада өткен брифингте аймақ басшысы баяндады.
Маңғаз Маңғыстау облысының орталығы – Ақтау қаласы. Қарт теңіздің жағасын жайлай жатқан шаһар дамудың даңғылында. Әсіресе өңірде барыс-келіс өркендеген. Туристік аймаққа биылғы алты айда 367 мың саяхатшы сапар шегіп, 15 млрд теңге табыс түскен. Алдада да адам аяғы саябырламақ емес. Сол үшін салада 2027 жылға дейін 11 жоба жүзеге асады.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:
- Президент өз Жолдауында «Кендірлі» курорттық аймағының потенциалын одан әрі дамыту қажет екенін атап өткен болатын. Қазіргі таңда курорттық аймақтың бас жоспары әзірленді. Біз «Кендірлінің» дамуына оң серпін беру үшін дәстүрлі жағажай және экотуризмнен бөлек осында «ойын-сауық туризмі» сияқты қосымша бағытты да дамыту жөн деп есептейміз. Қазіргі таңда бұл бағытта мүдделі органдармен пысықтау жұмыстары жүргізілуде.
6,8 млн тонна жүк тасымалданды
Маңғыстау мекенінің транзиттік мүмкіншілігі де мол. Жыл басынан бері Ақтау арқылы 6,8 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл былтырмен салыстырғанда 3,5%-ке артық. Алда ірі әуе хабын құру да қолға алынады. Жоба құны – 1 млрд доллар. Меже орындалса Ақтау Орталық Азиядағы әуе жүк тасымалының орталығына айналады.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:
- Сонымен қатар өңірде қоғамдық көліктерді жаңғырту мәселесі ерекше назарда. Ақтау қаласына 91 дана жолаушы автобусы сатып алынып, нәтижесінде қала автобусының паркі 100%-ке жаңартылды. Биыл да өңірде қалыптасқан механизм арқылы 120 автобус сатып алу жоспарланды. Бүгінде оның 70 данасы облысқа жеткізілді, қалған 50 данасы келер жылдың ақпан айында келеді деп күтілуде. Осы жұмыстардың нәтижесінде Маңғыстау облысының автобус паркі 97%-ке дейін жаңартылады.
Балық өніміне сұрнасы жоғары
Аймақтық ауыл шаруашылығында да ауыз толтырып айтарлық ақжолтай жаңалықтар жетерлік. Әсіресе мұндағы балық өніміне сұраныс жоғары. Қазір маңғыстаулық 3 кәсіпкер 45 тонна бекіре және жайын өсіреді. Ал келер жылы қарт теңізден 20 мың тонна балық аулау жоспарланып отыр.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:
- Мал шаруашылығында өнім шығару көлемі 31%-ке көбейді. Инвестиция көлемі 4 млрд теңге болатын азық-түлік сақтау қоймасы қолданысқа берілді. Келер жылы құны 3,5 млрд теңге болатын жұмыртқа мен құс етін өндіретін кәсіпорын және жылыжай кешенін іске қосу жоспарланып отыр. Қарақия ауданында пилоттық жоба есебінде 3 300 түп зәйтүн ағашы егілді. Үлкен нәтижеге қол жеткізсек, бұл жобаны одан әрі дамытуды жоспарлап отырмыз.
147 мың адам жеке секторда жұмыс істейді
Өңірде өндіріс те өркен жайып келеді. Жыл бедерінде жергілікті кәсіпкерлер 1 трлн теңгеге өнім шығарды. Ал секторды қолдау үшін аймақ қазынасынан 17,5 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ салада жұмыспен қамту жайы да жақсы. Қазір 147 мың маңғыстаулық өдіріс орындарында жұмыс істейді. Бұл еңбек жасындағы халықтың 42%-ы.