Жетісуда ел ырысын еселеген шаруалар марапатталды
Талдықорғанда дала еңбеккерлерінің жылды қорытындылаған жиыны өтті.
Ауыл шаруашылық қызметкерлері күнінде сала үздіктеріне сый құрмет көрсетіліп, 26 адам әртүрлі марапатқа ие болды. Жетісу облысының шаруалары биыл 518 млрд теңгеден асатын ауыл шаруашылық тауарларының өнімін өндірді.
Ел ырысын еселеген шаруалар марапатталды
Жетісу облысында биыл 615 мың тонна қант қызылшасы жиналды. Бұл кейінгі 25 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш. Қамбасы толымды, орағы орымды болғандардың бірі Александр Хильниченко мен Төлеген Мақашев. Жаз бойы еткен еңбектері бүгін еленіп, салтанатты жиында трактордың кілті тарту етілді.
Төлеген Мақашев, шаруашылық жетекшісі:
- 250 гектар жерден дәнді дақылды жерде қалдырмай алып шықтым. Өзімнің қызылшам бидайым бар соның бәрін біткеннен кейін 250 гектар елдің қызылшасын алып бердім.
Төрт түлікті түлетіп отырған тұрғындардың да ақжолтай жаңалықтары жетерлік. Биыл мал саны 13 пайызға өсіп, 2,5 млн-ға жетті. Ал аймақ дихандары 2 млн 100 мың тонна ауыл шаруашылық дақылдарын жинады.
Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:
- Біздің облыстың экономикасының структурасында ауыл шаруашылығының саласы өте қомақты. 16-18 пайызды құрап отыр. Қаншама адамдарға, қанша отбасына жұмыс беріп жатырсыздар. Салық төлеп жатырсыздар. Сондықтан зор денсаулық, табыс тілеймін.
Жиында шаруаларға «Еңбек ардагері», «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі тарту етілді. Сонымен қатар еліміздің Премьер министрінің және облыс әкімінің «Алғыс» хаты мен «Құрмет» грамоталары берілді. Қаржылай сыйақылар табыс етілді.
Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов