Тасқынмен күрес: жаңа Су кодексінің маңызы зор

Биылғы алапат су тасқыны елді біраз әбігерге салды. Мамандар оны ауқымы жағынан 80 жылда болмаған табиғи құбылысқа балады.

Тілсіз апаттан 224 елді мекен, 18 мыңға жуық тұрғын үй зардап шегіп, 10 облыста төтенше жағдай жарияланды. 120 мыңнан астам адам шұғыл түрде эвакуацияланды. Жайбасарлық пен жайбарақаттықтың салдары көпке сабақ болды. Сол себепті алдағы көктемгі маусымға дайындық ерте басталып, елдегі 1500 гидротехникалық нысан түгелдей тексерістен өтті.

Өткен көктем өктем мінез танытып, еліміз 80 жылда болмаған табиғи апатқа кез болды. Үрейленген елге Президент үндеу жолдап, сынаққа тап болған жұрттың ортасынан табылды.  Мемлекет басшысы: «Қам жасамай, халықты сергелдеңге түсіргендер жауапқа тартылады», ­- деді. Елдегі ахуал құтқару жұмыстарын жеке бақылауына алып, тасқынға тосқын болар барлық шараның қабылданғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі.

Талай сыннан өткен еліміз тасқынмен күресте бірлігі мен ынтымағын таныта білді. "Орнында бар оңалар" дегендей, апаттың беті қайтқан соң, салдарын жою жұмыстары басталды. Бұл ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған қысқа мерзімде жүргізілді.

3,5 айда типтік жобалар бойынша 2680 үй салынды және нарықтан 5767 үй мен пәтер сатып алынды. Сонымен қатар 9156 үй жөндеуден өтті. Бір ғана Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендер үшін өңірде 889 үй жаңадан салынды.

Марат Ожақов, ауыл тұрғыны:

- 5 қызым бар. Енді осы Чиров ауылынан берілген үйге қуанып, осы ауылға енді бет алдық. Жаңа үй жаңа қоныс болып, осы ауылға енді орналасамыз деген ой бар.

Тасқыннан зардап шеккен жандарға «Қазақстан халқына» қоры да көмекке келді. Қор қолдауымен 627 үйдің құрылысы қаржыландырылды. Көктемгі су тасқыны кезінде тұрғын үйлермен қатар, инфрақұрылымға, әлеуметтік нысандарға зақым келді. Тасқыннан соң Атырау облысында 25 шақырым автожол мен үш көпір жөндеуден өтті. Жайықтың жағасында 590 шақырымдық бөгет салынып, Каспийге құятын бөлігінде тереңдету жұмыстары жүргізілді.

Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:

- 4 мыңға жуық техника жұмылдырылды, 25 мыңнан астам азамат еңбек етті. Оның ішінде 1 мыңнан астам әскерилер тартылды. Осы ретті пайдаланып, Атырауға дем берген әрбір тұрғынға, қолдау көрсеткен кәсіпорындар мен еріктілерге, басқа да аймақтан көмекке келген барша азаматтарға шынайы алғысымды айтқым келеді. Өңір халқы күш бірлікте екенін көрсетті. су тасқынынан кейін алдын алу жұмыстарының жоспары бекітіліп, қазіргі таңда жүргізіліп жатыр.

Көктемгі су тасқыны көпке сабақ болды. Енді мұндай бейқамдыққа жол берілмеуі тиіс. Сала мамандары сондықтан тасқынның алдын алу жұмыстарына ерте кірісті. Мәселен, Өскеменнің шағын аудандарын селден қорғау үшін ондаған шақырым арна салынды. Апатты болдырмау үшін қазір өзен арнасы тереңдетіліп, қоқыстан тазартылып жатыр.

Амангелді Еңсегенов, Өскемен қалалық ТЖД бастығы:

- Қазір күнделікті осы өзендердің арнасын аралап, зерделеп жүрміз. Тасқынның алдын алу үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, арық-атыздар тазаланып жатыр. Біздің мамандар үлкенді-кішілі каналдардың барлығын қарап, бітелген тұстары болса, әкімдікке хабар береміз. Себебі аздаған қоқыстың өзі арықтың бітелуіне алып келуі мүмкін.

Гидрологиялық болжамдарға сәйкес, осы қыста да жауын-шашын мөлшері мол болады. Қауіп-қатердің алдын алу үшін тасқынға тосқын болар шаралар кешіктірілмей қолға алынды. Мәселен, «Қазгидромет»  су басу қаупі бар өзендер бойында 31 гидрологиялық бекет ашты. Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында 95 шақырым канал тазартылды. Өзге өңірлерде 1110 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып, нығайтылды. Су тасқыны қаупі бар учаскелерде 63 көпір салынып, 324 су өткізгіш құбыр төселді.

Сәкен Әтел, ҚР СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің басқарма басшысы:

- Ел аумағында жалпы 1502 тіреуіш гидроқұрылым бар. Соның барлығына тексеру жүргізілді. Әкімдіктер тарапынан ауқымды жұмыстар жүргізілді. Біршамасы аяқталды. Зардап шеккен өңірлерде барлығында дерлік қорғаныс бөгеттері салынды, оларды нығайту, реконструкция жұмыстары жүргізілді.

Су тасқынын енді цифрлық технологиялар арқылы болжауға болады. Елімізде іске асып жатқан «Tasqyn" жүйесі болашақта су тасқынын болжауға, оның қауіпті сценарийлерін модельдеуге мүмкіндік береді. Осы арқылы қауіп төнген елдімекендер, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдарды анықтауға болады. 

Нұрдәулет Әбдіхалық,  «Қазақстан ғарыш сапары ҰК» АҚ платформалық шешімдер департаментінің инженері:

- Мемлекет басшысының тапсырмасымен елде жаңа Су кодексінің жобасы әзірленіп, ол Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды. Маңызды құжатта тасқынның алдын алуға айрықша назар аударылған. Яғни, Кодексте жергілікті атқарушы органдардың халықты тасқыннан қорғаудағы жауапкершілігі мен міндеттері анықталған.

 

Авторлары: Қуандық Танабас, Мадияр Қындыбаев