Жезқазғандағы «Үйтас-Айдос» су құбыры жаңартылды
Жезқазған тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту жобасының бірінші кезеңі аяқталды, деп хабарлайды 24KZ. «Үйтас-Айдос» жерасты су қорынан тартылған 51 шақырым құбыр толықтай жаңартылды.
Сонымен қатар сорғы станциясы жөндеуден өткізілді. Бұл жұмыстарға республика қазынасынан 16 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Аталған жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен 2 жыл бұрын басталған болатын. Қазір қалаға сағатына 380 текше метр жерасты суы жеткізіліп жатыр. Дегенмен бұл сұраныстың 30%-ін ғана жабады. Қала халқы ауызсудың қалған бөлігін әлі де ашық су қоймасынан ішіп отыр. Сондықтан алдағы жылдары жобаның екінші және үшінші кезеңдері жүзеге асырылады. Жерасты су көздерінен қосымша ұңғымалар қазу жоспарланған.
Дастан Рыспеков, Ұлытау облысының әкімі:
- Енді біз осы жобаның әрі қарай 2-ші кезеңін, 3-ші кезеңін жүзеге асырамыз. 2-ші кезеңі нәтижесінде қаланың суы жабық, жерасты су көздерінен 70%-ке дейін ұлғаяды судың тартылымы. 2026-27 жылдары толығымен 100%-ті құрайды. Бүгінгі таңда келіп жатқан судың сапасы өте жақсы. Бүкіл санитарлық нормаларға сәйкес.