Jeju Air компаниясы ұшақтың техникалық ақауы туралы ақпаратты жоққа шығарды
Оңтүстік Кореяда бүгін таңертең жолаушылар ұшағы қону кезінде апатқа ұшырап, 179 адам опат болды, деп хабарлайды 24KZ. Тек 2 бортсерік тірі қалды. Қайтыс болғандардың барлығы, екі Таиланд азаматын қоспағанда, оңтүстіккореялықтар.
Бұл кадрларда ұшақтың фюзеляжға қонып, тоқтай алмай, қоршауға соғылғаны көрінеді. Оқиға орнына бірнеше минутта жеткен өрт сөндірушілер тек артқы апаттық шығу есігінің жанында болған екі бортсерікті құтқарып үлгерген. Ұшақтың қалған бөлігі толықтай жанып кетті, ал жолаушылардың денелері әуежай маңындағы бірнеше жүз метр радиуста шашылып жатты. Апаттың негізгі себебін Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі бірнеше сағаттан кейін жариялады.
Ю Гён Су, Оңтүстік Кореяның Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігінің авиация қауіпсіздігі саясаты департаментінің директоры:
- Ұшаққа қонуға рұқсат 8:54-те берілді, ол алғашқы қону әрекетін жасады. Бірақ 8:57-де құстардың қозғалысы туралы ескерту алғаннан кейін мәселе туындады. Диспетчер пилотпен байланысқа шығып, құстардың ұшу аймағында екенін ескертіп, сақтық танытуды ұсынды.
Сағат 8:58-де пилоттар апат дабылын қағады, оның себебі әлі белгісіз, бірақ құстармен соқтығысқан болуы да мүмкін. Екінші қону әрекеті кезінде бір қозғалтқыш істен шығып, шасси ашылмады. Бұл болжамды экипаж мүшелері мен жолаушылар растады. Олардың бірі апатқа бірнеше минут қалғанда туысына ұшақтың қанатына құс соғылып, қону мүмкін болмай жатқанын хабарлаған.
Айта кету керек, Муан халықаралық әуежайының жанында қорғалатын сулы-батпақты алқап бар, ол жыл құстарының аялдайтын орны ретінде белгілі. Егер бұл рас болса, әуежай басшылығы кінәлі болуы мүмкін, өйткені құстарды үркіту шаралары жасалмаған. Интернетте пайда болған басқа ақпаратқа сәйкес ұшақтың техникалық ақауы болған. Бұл деректерді Jeju Air әуе компаниясы жоққа шығарып, ұшаққа қажетті барлық техникалық тексерістер жасалғанын мәлімдеді.
Ким Ибэ, Jeju Air компаниясының бас директоры:
- Ең алдымен Jeju Air компаниясын құрметтейтін барлық жаннан кешірім сұраймын. Әсіресе қаза тапқандардың отбасыларына шын жүректен қайғырып көңіл айтамын. Қазіргі уақытта апаттың себебін болжау қиын, біз ресми тергеу нәтижелерін күтуіміз керек. Апаттың себебі қандай болса да, мен бас директор ретінде толық жауапкершілікті сезінемін.
Jeju Air компаниясы ұшақтың 1 миллиард долларға сақтандырылғанын және соның негізінде зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Биліктің мәліметінше, апатқа ұшыраған ең жас жолаушы 3 жасар ұл бала болса, ең кәрі жолаушы – 1946 жылы туған ер адам. Ол отбасындағы 8 адаммен бірге опат болды. Төтенше оқиғаны үкіметтік комиссия тексеріп жатыр. Қара жәшіктер табылып, шифрын шешуге жөнелтілді. Апаттың себебін зерттеу бірнеше айға созылуы мүмкін.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.