Таудан 6 мың текше метр қар түсірілді
Өскеменде бірнеше күн толассыз қар жауып, шаһарды қалың қар басып қалды. Қазір Төтенше жағдайлар департаменті таулы аймақтарда арнайы жарылыс жасап жатыр. Қар көшкіні кезінде 3 мың текше метрден артық ақ ұлпа түсірілді. Шығыс Қазақстан облысына қарасты 93 шақырым автожол көшкін қаупі бар аумақта тұр. Осыған байланысты жолдардың біраз бөлігі уақытша жабылды.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында таулы аймақтағы жолдар жабылды. Полиция қызметкерлері мен құтқарушылар қар көшкіні болып жатқан аумақта кезекшілікте тұр. Соңғы аптада жауған қардың қалыңдығы бір метрден асып кеткен. Оны жарылыс арқылы түсірмесе жолаушылардың өміріне қауіп төнуі мүмкін.
Исхар Савазов, ШҚО ТЖД бастығының орынбасары:
- Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағы тартылды. Сонымен қатар медицина қызметкерлері мен апаттар орталығының мамандары осында жүр. Ауа райы құбылған жағдайда тұрғындардың жолға шықпағаны дұрыс.
Мамандардың ескертуіне қарамастан қауіпті аймақта жүретіндердің қарасы азаймай тұр. Қазір «Өскемен-Таулы Үлбі» бағытындағы жеті шақырым жолда 26 көшкін жинайтын аумақ тазартылады.
Советбек Станбеков, «Қазселденқорғау» ММ Аумақтық пайдалану басқармасы филиалының басшысы:
- Бұл жерде мына мереке, демалыс күндері екі мың адамға дейін демалады. Шаңғы базалары және демалыс орындары бар. Осы адамдардың, жүрушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бүгінгі таңда филиал мамандарымен біріге отырып үш жарылыс жүргізіп, екі мың текше метрден артық қарды беткейге түсірді.
Облыс аумағында жарылыс жұмыстары наурыз айына дейін жалғасады. Жалпы бір ай ішінде Өскеменнің таулы аймақтарынан 6 мың текше метрден астам қар түсірілді.