Жас домбырашылар Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына енді
2024 жыл ұлттық мәдениет саласындағы рекордтарға толы. Естеріңізде болса қазан айында елордалық 3 мыңнан астам домбырашы бір мезетте күй тартқан еді. Өнер әлеміндегі бұл оқиға Қазақстанның Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Естеріңізде болса қазан айының соңында «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» атты ауқымды іс-шара өткен болатын. Үш мың екі жүз қырық үш астаналық домбырашы күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының шоқтығы биік «Балбырауынын» бір мезгілде күмбірлеткен еді. Рекорд қоюға қатысқан жас домбырашылардың қатарында.
Қалампыр Құлмағанбет те бар. Қолына ұлттық аспапты алғанына 5 жылдан асты. Шеберлігін шыңдау үшін Көктал шағын ауданындағы үйірме орталығына алғаш рет 2 жыл бұрын келген. Бүгінде Қалампыр алтын қорымызға енген бірнеше күйді еркін орындай алады.
Қалампыр Құлмағанбет, домбырашы:
- Мен осы рекордқа 1 айдай дайындалдым және бұл мен үшін өте үлкен жетістік. Мен осындай үлкен рекордқа қатысқаныма қуаныштымын және ол кезде мен әрине аздап қобалжу болды. Бірақ сол қобалжуымызды жеңіп, жақсы ойнап шықтық.
Орталық 2019 жылы ашылды. Бүгінде «Даму бала» бағдарламасы арқылы жұмыс істеп келеді. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында мыңға жуық бала шығармашылық және спорттық үйірмелерге тегін қатысады. Оның ішінде домбыра үйірмесінде 200-дей оқушы бар. Аптасына үш рет келеді.
Еркегүл Нәбиқызы, үйірме орталығының директоры:
- Қазіргі таңда балалар өте жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Халықаралық жарыстарға барды. Жақын арада біздің балалар Ташкент қаласына барып келді. Одан кейін мына Астана қаласында болған Гиннестің рекордтар кітабына ену үшін 3 мың баланың ішінен 100 бала біздің орталықтан болды. Балалар барлығы бірдей «Балбырауын» күйін орындап, үлкен рекорд орнатты. 2021 жылдан бастап, «Даму бала» платформасы ашылды. Бұл Президенттің халыққа, балаларға арнаған тікелей қолдауы.
«Нағыз қазақ – домбыра» іс-шарасы арқылы жас домбырашылардың өнер шыңына шығуға ынтасы ашылды. Өз мүмкіндіктеріне сене бастады. Бұл бірінші кезекте «Даму бала» бағдарламасының жемісті екенін көрсетті.
Күләш Жолдыбайқызы, қала әкімдігі «Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру дирекциясы» КММ бөлім басшысы:
- 3243 бала Гиннес рекордтар кітабына енгізілді. Тіркеуді Гиннес рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов тәуелсіз сарапшылармен бірге жүргізді. Бұл балалардың патриоттық рухын нығайтуға және қазақ халқының салт-дәстүрін құрметтеуге, тәрбиелеуге ықпал етеді.
«Алдағы уақытта басқа да үйірмелер бойынша бүлдіршіндердің өнер көрсетуіне мүмкіндік беріледі», - дейді ұйымдастырушылар.