Рудничный ауылында жаңа мектеп салуға 2,6 млрд теңге бөлінді
Жетісу облысындағы Рудничный ауылында апатты жағдайдағы мектептің орнына жаңа ғимарат салынады.
Бұл құрылыс Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң шеңберінде Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен жүргізіледі. Үкімет жобаны жүзеге асыруға 2,6 млрд теңге бөледі. Қазір ескі ғимаратта 140-тан астам бала білім алып жүр. 55 жыл бұрын салынған білім ошағына содан бері ешқандай күрделі жөндеу жүргізілмеген. Қазір мектеп апатты жағдайда тұр. Су және кәріз құбырлары тозған, жылу жүйесі зақымданған.
Ал жаңа мектеп 200 орынға шақталған. 30 орындық шағын дайындық орталығы болады. Рудничный ауылында барлығы 1 мыңнан аса адам тұрады, оның 241-і мектепке дейінгі және мектеп жасындағы бала. Бұған дейін Үкімет Петропавлда балабақша, Атырау облысындағы Жамансор ауылында және Ұлытау облысының Мыңадыр стансасында мектеп, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы, Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы балабақша, Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешенін салуға, Риддер қаласында көпсалалы аурухана кешенінің құрылысын аяқтауға және басқа да жобаларды жүзеге асыруға қаржы бөлген болатын.