Ақтөбеде пәтер кезегінде тұрған 34 отбасы баспаналы болды

Өңірде мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлерден бөлек, нарықтағы жаңа пәтерлер де сатып алынады.

Су жаңа пәтердің кілті қолына тиген жандардың қуанышында шек жоқ. Сейітжан Әмірешев баспана кезегіне 15 жыл бұрын тұрған. Бала күнінен жетім өскен ақтөбелікке екі бөлмелі үй бұйырды.  Жас отбасы бұған дейін жалдамалы пәтер жағалап жүрген.

Сейітжан Әмрешев, қала тұрғыны:

- Ұзақ күттім мен осы үйді, осы сәтті. Жаңа жылда, жаңа жыл қарсаңында баспаналы болып жатқаныма қуаныштымын. Армандар орындалады. Үй ұнады. Үй әдемі. Жаңа жылда осы жаңа пәтерде қоныс той жасаймын деп отырмын.

Ерлі-зайыптымен қатар бұл үйде 34 отбасықоныс тойын атап өтеді. Пәтерлер ата-анадан ерте қалғандар, көпбалалылар мен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттағы азаматтарға берілді.

Мадияр Қабыл, қалалық Тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:

- Ең үлкен кезек, бұл санатта қазір Ақтөбе қаласында 13 мыңға жуық азаматтар тұрғын үй кезегінде тұр, бұл әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтар. Тек осы санаттың өзіне қазіргі таңда І-ІІ-топ мүгедектері, оралмандар, толық емес отбасылары, ҰОС қатысушыларына теңестірілгендер және мүгедек балаларды тәрбиелейтін отбасылары кіріп отыр.

2024 жылы Ақтөбеде 600-ге жуық жанға мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер берілді. Оның ішінде 553 үй нарықтағы жеке құрылыс компанияларынан сатып алынған. Бұл мақсатта бюджеттен 9 млрд теңге қаржы бөлінді. Жалпы Ақтөбе қаласы бойынша баспанаға мұқтаждар тізімінде 28 мыңға жуық адам бар.

 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов