Елде 2030 жылға дейін 40-тан астам су қоймасы салынады
Бұл жобалар біріншіден, су қорын үнемдейді, екіншіден, көктемгі тасқыннан қорғайды, деп хабарлайды 24kz.
Ендігі мәселе – мұндай су қоймаларын көптеп салу үшін гидрогеологиялық зерттеу ісін ширату қажет. Мамандар осылай деп отыр.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Жаһандық климаттық өзгеріс су саясатын қайта қарастыруды қажет етіп отыр. Бұл тұста сырттан келетін сумен қатар ел ішінде қалыптасатын суды да үнемдеген жөн. Су саласындағы сарапшылардың айтуынша, ел көлемінде ауқымды гидрогеологиялық зерттеу жүргізу керек. «Кейінгі жылдары қолға алынған барлау жұмыстарының маңызы зор», - дейді олар.
Құралай Яхияева, сарапшы:
- Біздегі өзендердің гидрологиясы бұрынғы Кеңес үкіметі кезінде қалыпты жағдайда зерттелген. Ал кейінгі кезде кей өзендер ғалымдардың өздерінің бастамасымен азғантай-азғантай зерттеліп отыр. Ал толығымен Қазақстандағы барлық өзендердің гидрологиялық режимін, мысалы соған қатысты барлық су қоймалардың режимін зерттеп, қайта белгілеу керек.
Үкімет 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарды бекітті. Бұл жоспарда су қорын жинау бағытында іс-шаралар көзделген. Тасқын суын да кәдеге жарату механизмі нақтыланған. Яғни, елдегі өзендер бойында 40-тан астам су қоймасы тұрғызылады.
Ғалымжан Қамбарбеков, ҚР СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті басқармасының бас сарапшысы:
- Жоспарға сәйкес, оның ішінде осы су тасқынына қарсы күрес бойынша бізде 42 су қойма салу мәселесі қарастырылған. Ол бізде жоспарда 42 су қоймасы. Қазіргі уақытта екеуі салынды. Сонымен қатар сол су қоймаларды салу арқылы біз 2,6 километр кубтан астам суды жинақтап алу мүмкіндігі туады.
Әрине, су қоймасы кез келген жерге салынбайтыны белгілі. Өзендердің сулылығы ескеріледі. Қазір елде зерттеу жұмыстары қарқынмен жүріп жатыр.
Ғалымжан Қамбарбеков, ҚР СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті басқармасының бас сарапшысы:
- Су қоймаларын салмас бұрын бірінші оның жоспары, яғни, оның зерттеу жұмыстары қарастырылады. Яғни, өзеннің режимі қарастырылады. Барлығы қарастырылып, сондай суды жинақтау мүмкіндігі бар жерлерге яғни рациональный дейміз ғой, яғни, тиімді жерлерде барлығы қарастырылған. Сондай жерлерге салынады.
Бүгінде елде 3600-ден астам ауыз су орны бар. Мұндағы су 15 текше шақырымнан асады. Биыл тағы 6 ірі жерасты су қоры анықталды.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Абдулхамит Бөлекбаев