Жыл басынан бері 200-ге жуық адам қар құрсауынан құтқарылды

Жыл басталғалы бері 5 күн ішінде төтенше жағдайлар қызметі 200-ге жуық адамды құтқарды, деп хабарлайды 24kz.

Оның 27-сі бала. 22 көлік қар құрсауынан шығарылып, 270 адам жылу бекеттеріне жеткізілді.

Бұған дейін Ақмола, Қостанай, Қарағанды және Қызылорда облыстарында республикалық маңызы бар жолдардың біраз бөлігі жабылған болатын. Қазір елдегі барлық жол ашық. Бірақ СМС-хабарлама арқылы келетін көктайғақ, боран және аяз туралы ескертулерге шекеден қарауға болмайды. Бүгін де елдің бірқатар өңірінде бұрқасын соғып, көктайғақ болады. Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында қолайсыз күн райына байланысты екінші дәрежелі ескерту жарияланды. Осыған байланысты мамандар жүргізушілер мен жолаушыларды аса қажеттілік болмаса, алыс жолға шықпауға шақырады.

Дидар Сәкенұлы, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы:

- Қысқы кезеңде жолға шығарда сақтық шараларын қолдану керек. Мысалы, өзінің көлігінің техникалық жарамдылығы, міндетті түрде жылыту құрылғылары, майшам болуы керек. Азық-түлік пен сусын болуы керек. Өйткені қар құрсауында бір жерде қалып қоятын болса, қоректенетін азық-түлігі болса жақсы болар еді.