Ақтөбеде тұрмыстық зорлық-зомбылықты ерте анықтау дәрісі ұйымдастырылды

Оқу орындарының психологтары мен ұстаздары, емханалардағы учаскелік дәрігерлер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алғышарттарын ерте анықтауға дағдыланып жүр.

Ақтөбе заң институты оқытушылары әзірлеген арнайы бағдарлама жергілікті полиция қызметі инспекторларымен қатар өзге де әлеуметтік мамандық иелеріне арналған. Дәріс жақынынан зәбір көріп жүргендерді жазбай тануға үйретеді. Нәтижесінде қылмыстың алдын алуға мүмкіндік мол.

Ақтөбе заң институты жанында құрылған бұл орталықта курсанттардан бөлек учаскелік инспекторлар мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлім мамандары, әйелдерді зорлық-зомбылықтар қорғау тобы сақшылары да білім алады. Халықаралық «Одара» жүйесін негізге алып жасалған дәріс аясында жәбірленуші тұлғаны анықтау, дер кезінде көмектесіп, қылмыстың алдын алудың әдіс-тәсілдерін үйренеді.

Альфия Саттарова, М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының қосымша білім беру факультетінің бастығы:

- Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы ықтимал тұлғаға 13 сұрақ қойылады. Егер 5 сұрақтың жауабына күмән туған жағдайда күдікті бірден полиция бөліміне жеткізіледі. Қазір заңнамаға енгізілген өзгерстерге орай жәбірленуші арыз жазуы міндетті емес. Жақындары, танысы, тіпті көршісінен арыз түссе де іс қозғалады.

Орталықта полицейлермен қатар мектеп психологтары мен емханалардағы учаскелік дәрігерлерге де дәріс сағаттары ұйымдастырылған. Әсіресе балалармен тығыз қарым-қатынастағы жандардың зорлық-зомбылықтың алғышартын ерте анықтауы аса маңызды.

Альфия Саттарова, М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының қосымша білім беру факультетінің бастығы:

- Педагог оқушының жүріс-тұрысы мен мінез-құлқына, көңіл күйіне қарап-ақ баланың зәбір көріп жүргенін байқай алады. Соққыға жығылған болсын, психологиялық қысым, буллинг дер кезінде анықталса дереу көмектесіп, қайғылы оқиғаның алдын алуға әрекет етеді.  

Жалпы 2024 жылы Ақтөбе облысында 5 мыңға жуық зорлық-зомбылық дерегі тіркелген. Полицейлер 161 қылмыстық іс қозғап, 73-ін сотқа жолдады. Қалғандары екі тараптың татуласуына байланысты қысқарған. Отбасында ойран салғандардан бас сауғалайтын екі бірдей дағдарыс орталығы жұмыс істеп тұр. Қазір онда 50 адам уақытша пана тапты.

Ақгүл Хасанғалиева, облыстық ПД ЖПБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы:

- Жылдың қорытындысы бойынша 200-ден артық тұлға осы дағдарыс орталығына орналастырылып, оның ішінде 76 әйел қалғандары бала, қазіргі таңда осында заңгерлік, психологиялық, медициналық тағы да осындай көмектер алып жатыр.

Ақтөбе заң институтындағы біліктілікті арттыру орталығында ай сайын жүзден астам маман білім алады. Болашақта еліміздің өзге өңірлеріндегі білім ордаларын қамту үшін оқытушылар онлайн сабақтар әзірлеп жатыр.

 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов