Жұмысшы мамандықтары жылы: 1000 бейіндік сынып ашылады
Адам баласының қолы ұзарды. Күнделікті тұрмысқа жаңа технологиялар еніп жатыр.
Жұмыстың бір бөлігін робот атқарады. Айшылық алыс жерлерге тез жетуге мүмкіндік молайды. Бірақ робот жұмыстың бәрін атқара алмайды. Оның да өз шығыны бар. Дәл қазір әлемде өз ісін білетін кәнігі маман тапшы. Осы орайда Қазақстан техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуды басты назарға алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланды.
Кәсіптік бағдар беру мен белгілі бір мамандыққа баулу мектеп кезінен жүзеге асырылатыны белгілі. Оның аясында жүргізілетін жыл сайынғы жұмыс та аз емес.
Маржан Мұхамадиярова, педагог-психолог:
- Жалпы мектебімізде кәсіптік бағдар беруде өте қарқынды жұмыс жүргізілуде. Соның ішінде осы екі жылдан бері бізде психологиялық-педагогикалық мониторингтің автоматтандырылған жүйесі арқылы оқушылармен сауалнама тәсілі жүргізіледі. Соның нәтижесі бойынша оқушылардың қай пәнге бейім екені анықталады. Осы қаңтар-ақпан айларында сауалнама жүргізіледі және де былтырғы зерттеу нәтижесі бойынша балалардың таңдаған пәндері көбінесе медицинаға байланысты қазіргі таңдағы ақпараттық технологияларға байланысты балалар көбіне сондай пәндерге қызығушылық танытқан.
Ал биыл жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланғандықтан мектептердегі осы кәсіби бағдарлау қызметі күшейтілмек. Оның аясында өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, жаңа мамандықтар атласын құру, жұмысшы мамандықтардың маңызын ашу жұмыстары алға қойылған.
Бақытжан Мұхтарбекова, Астана қаласы №66 мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:
- Кәсіптік бағдар бізде 8-9 сыныптан бастап жүзеге асырылады. 8-9 сыныптарды мектеп психологтары оқушылардан тест алу арқылы және ата-аналармен жұмыс жасалады тесттардың қорытындысы нәтижелері бойынша. Бесінші сыныптан бастап біз әр саладағы майталмандармен кездесулер өткіземіз. Солардың еңбек жолдарымен таныстырамыз. Сонда бала қызығушылық танытады.
Бұл әрине әр мектептегі қолға алынып қойған шаралар. Оқу-ағарту министрлігі болашақта кәсіпорындармен бірлесіп, білім ордаларында 1 000 бейіндік сынып ашуды көздеп отыр. Осылайша жоғары сынып оқушыларын колледждер базасында алғашқы жұмыс кәсібіне оқыту жүйесі енгізілмек.