Павлодарлық жолаушылар Алматыға жаңа пойызбен қатынайды
Павлодарлық жолаушылар еліміздің оңтүстік астанасы Алматы қаласына жаңа пойызбен қатынайды.
Ұлттық тасымалдаушы жаңа 50 вагонды қолданысқа енгізді. Заманауи стандарттарға сай келетін вагондар Петропавл қаласында жасалған. Пойыз құрамына 10 вагон кіреді. Оның ішінде 3 купе және 7 плацкарт вагондары бар. Бір бағытта 400-ден астам жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік береді.
Бүгін №31/32 «Павлодар-Алматы» пойызына билет алған павлодарлықтар үшін жағымды тосынсый болды. Себебі, олар Алматы қаласына жаңа пойызбен жолға шықты.
Сәрсен Төлеубаев, жолаушы:
- Мен жаңа пойызбен баратынымды білгенде қатты қуандым. Өзім ұшақпен келіп, пойызбен кетіп барамын. Ішін аралап шықтым, өте әдемі, жайлы екен.
Жаңа вагондар халықаралық талаптарға сай келеді.Ұзақ жолға сапарлайтын адамдарға өте жайлы. Купелер эргономикалық жатын орындармен жабдықталған.
Ділдахмет Айдарбеков, жолаушылар пойызының бастығы:
- Состав түгелдей жаңартылған, соңғы технологияға сай. Ішінде бүкіл жолаушыларға қажет заттардың бәрі орнатылған. Жол жүру уақыты 26 сағат 44 минут. Бір мезетте 500 орынға дейін жолаушыларды тасымалдауға болады.
Мемлекет басшысы көлік инфрақұрылымын дамытуда жолаушылар вагонын жаңартудың маңызын айрықша атап көрсетті. Ұлттық тасымалдаушы вагон паркін жаңартуда қарқынды жұмыс атқарып жатыр.
Әнуар Ахметжанов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ Бас директоры:
- Осы жылдың аяғына дейін тағы да жүзден астам жаңа вагондар пайда болады. Біз оларды басқа бағыттарға да қоямыз. Осы жылдың аяғында қосымша швейцарлық технологиямен жасалатын жаңа вагондар пайда болады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен бес жылдың ішінде «Қазақстан Теміржолы» вагон паркі толығымен жаңартылады.
Соңғы екі жылда «Жолаушылар тасымалы» АҚ елімізде жасалған 307 вагон сатып алды. Олардың 200-і қолданысқа енгізілді. Жаңа вагондар «Ақтөбе-Атырау», «Павлодар-Түркістан», «Қызылорда-Семей» бағыттары бойынша қатынайды.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев