Ақмола облысында 9 «Жайлы мектеп» ашылды

Ақмола облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа 3 білім ошағы ашылды. Өңірде биылдыққа дәл осындай 9 мектеп бой көтерген.

Оқушылар үшін жаңадан 12 мыңнан астам орын пайда болды. Заманауи құралдармен жабдықтталған білім ошағында балалардың сапалы білім алуына қажеттінің бәрі бар.

Минас Ерланұлы 3 жыл ауыл мектебінде информатика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Жас маман сабақ барысында жасанды интеллект пен цифрлық платформалардың мүмкіндіктерін белсенді қолданады. Мектеп-гимназияға жұмысқа қабылданған Минас енді заманауи оқу ордасында шәкірт тәрбиелейді.

Минас Ерланұлы, информатика пәнінің мұғалімі:

- Бұл мектеп жас маманға, барлық педагогтарға жағдайын жасап отыр. Көріп отырғандарыңыздай роботатехника кабинеті соңғы лзық үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл жерде айтып өтуімізге болады, бізге соңғы үлгідегі робот-гуманоид келді. Ол біздің жұмысымызды айтарлықтай жеңілдетіп, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырады. Оқушыларды асыға күтудеміз. Жаңа мектеп, жаңаша білім, заманауи кабинеттермен қарсы алудамыз.

1 500 оқушыға арналған жаңа мектеп қаладағы жаңа шағын ауданда бой көтерген. Қазірдің өзінде ата-аналар балаларын заманауи білім ордасына беруге асығуда.

Айдана Исина, қала тұрғыны:

- Жаңа бағдарламалармен, көптеген жабдықтармен жабдықталған осындай жақсы, жайлы мектеп болғасын сеніміміз, үмітіміз зор. Сондықтан баламызды осы мектепке көшіріп, осы мектепке әкеліп жатырмыз. Жаңа аралап, мектепті көрдік. Іші кең, жарық, балаларға керек құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Жаңа білім ошағының ауданы да үлкен. Ал техникалық құрылғылармен жабдықтау көрсеткіші өзге мектептермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Қазір білім ошағында педагогикалық ұжым жинақталып, оқушыларды қабылдау жалғасып жатыр.

Айгерім Қошанова, мектеп-гимназияның директоры:

- Бұл мектептің басқа мектептерден айырмашылығы – бұл жерде қандай бала болсын білім алуға мүмкіндігі бар және мектепте барлық оқу кабинеттері жаңа форматта жабдықталған. Сонымен қатар оқушылардың әрбіреуінің жеке шкафчиктары бар. Барлық кабинеттерде жаңа, соңғы үлгідегі оқу құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Оқушылардың теориялық білімдерін практикамен ұштастыра отырып, нақты білімдерін жетілдіруге мүмкіндік берілген.

Өңірде өткен жылдың басынан бері ұлттық жоба аясында 9 «Жайлы мектеп» салынды. Олардың жетеуі Целиноград ауданында бой көтерген. Бұл үшауысымды мектеп мәселесінің шешілуіне мүмкіндік береді.

Ботагөз Дүйсенова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Бүгінгі күні Көкшетау қаласында екі мектеп үшінші тоқсанның бірінші күнінен бастап, айқара есіктерін ашуда екі мектеп. Біреуі – мектеп-лицей, екіншісі – мектеп-гимназия. Ертеңгі күні тоғызыншы мектеп Целиноград ауданында Қоянды ауылында 2 мыңға арналған мектеп іске қосылады. Жалпы 9 мектеп дегеніміз 12 мың 200 орынға арналған мектептер.

Бүгінде Көкшетаудағы 2 жайлы мектептің ауласы абаттандырылып, қоғамдық көлік іске қосылды. Сондай-ақ кірме жолдарды жөндеу жұмыстары жоспарланған.