Биыл 108 ауылға ауызсу құбыры тартылады
Батыс Қазақстан облысы бойынша биыл 108 ауылға ауызсу құбыры тартылады. 9 елдімекен орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылса, қалғанына модульді станциялар орнатылады.
«Сол арқылы ауылды аймақтардың тіршілік нәрімен қамтылу көрсеткіші 100 пайыздық межеге жетеді», – дейді жергілікті атқарушы билік өкілдері.
Барбастау ауылының тұрғындары ауызсу құбырының тартылуын көптен күтті. Олар бұған дейін құдық суын пайдаланып, тіршілік нәрін қашықтан тасып ішуге мәжбүр болып келген еді. Жаңа жыл қарсаңында 700-ден астам жергілікті тұрғын сапалы ауызсу тұтынуға мүмкіндік алды. Солардың бірі Алмагүл Құлмырзина.
Алмагүл Құлмырзина, ауыл тұрғыны:
- 2010-да Қаратөбе Қалдығайтынның өзінен көшіп келдік. Су жақсы ағып жатыр. Құдықтан су тартып жүрдік қой. Енді биыл су келіп жатқаны. «Ақ Бұлақтың» суы жақсы болып жатыр. Қуанып жатырмыз.
Жанаргүл Құсайынова, Подстепное ауылдық округі әкімінің орынбасары:
- Әр үйде құдықтың суын пайдаланып отырды. Әрине, жарық болмаса ол «насос» та жұмыс жасамайтын болады. Ал қазіргі мына жаңадан берілген су құбырында жарық сөнген кезде өзінің генераторы бар. Автоматты түрде сол генератор қосылып тұрады енді. Ауызсудан бұл елдімекенде ешқандай кедергі болмайды деп сенеміз.
Барбастау ауылы бойынша әзірге 15 үйге су құбыры тартылды. Қалған абоненттер көктемде кіргізе бастайды. Өткен жылы өңірде ауылды аймақтарды ауызсумен қамтамасыз етуге байланысты 31 жоба жүзеге асты. Бұл мақсатқа 6 млрд теңге бөлініп, игерілді.
Нұркен Молдашев, БҚО Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Толықтай 100 пайызға жеткізу жоспарда тұр. Ол біздерде 9 орталықтандырылған ауызсу жобасы және 99 елдімекенге кешенді блок-модуль орналастыру. 10 жобаға қаражат бөлініп тұр.
Бұл мақсатқа қазынадан 7,8 млрд теңге бөлінген. Өңір тұрғындарының ауызсумен қамтылу көрсеткіші қазір 97 пайызға жетті. Жыл соңына дейін Батыс Қазақстан облысындағы барлық ауылдарға ауызсу құбыры тартылады.