Атырауда 10 мыңға жуық адам алимент төлеуден жалтарып жүр

Атырауда 10 мыңға жуық адам алимент төлеуден жалтарып жүр. Оның ішінде 232 атыраулық бірде бір рет төлем жасамаған.

Борышкерлердің жалпы қарызы 1 млрд 600 мың теңгеден асады. Қалалық Прокуратура, жеке сот орындаушылар мен полицейлер бірлесіп рейд ұйымдастырды. Алимент төлемегендердің автокөлігі айып тұрағына қойылып, мемлекет пайдасына 10 млн теңгеден астам қаржы өндірілді. Қазір тәртіп сақшылары мен құзырлы орган тұрғылықты мекен-жайы бойынша тексеру жұмыстарын қолға алған.

Камила Кенжетай, қалалық прокуратураның бөлім прокуроры:

- Алимент берешегін төлемей жүрген 11 борышкерге қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 669-бабымен әкімішілік хаттама толтырылып, 8 борышкерге айыппұл түріндегі және 3 борышкерге әкімшілік қамақ түріндегі жаза қолданылса, мемлекет пайдасына айыппұл төлемей жүрген 230 автокөлік анықталып, олардың ішінде 146 автокөлік иелеріне 10 млн теңгеден астам берешектер өндірілді және 64 көлік құралы айыппұл тұрағына қойылды.