Astana smart city: 10 үздік стартап анықталды

Елорда өмірін жақсартуға арналған үздік 10 стартап анықталды. Осылайша, қалалық Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы Aстaнa Innovations және Astana Hub ұйымдарымен бірлесіп, «Smart City Accelerator» бағдарламасын сәтті аяқтады.

Бағдарлама инфрақұрылымның негізгі салаларына озық технологияларды енгізуге бағытталған.

«Astana Smart City Accelerator» бағдарламасының  Demo Day финалдық кезеңіне қатысушылар қала өмірін өзгертіп жатқан инновациялық шешімдерді ұсынды. Таңдалған стартаптар бас шаһардағы мемлекеттік емханаларда, мектептерде, қоғамдық көлікте, сондай-ақ инфрақұрылым нысандарында іске қосылды. Бұл жобалар медициналық ұйымдардың жұмысын оңтайландырып, дәрігерлерге түсетін жүктемені азайтады. Оқу орындары мен әлеуметтік мекемелердегі қауіпсіздікті арттырып, қызмет сапасын жақсартады.

Әсел Мизамқызы, Astana Hub халықаралық технопаркінің бас менеджері:

- Елорда әкімдігі және Астана Хаб қолдауымен жүзеге асып жатқан бастама. Жыл сайын өтеді. Ең басында биыл бұл бағдарламаға 128 өтінім түсті. Соның 107-сі бастапқы іріктеуден өтті. Ал финалға 10 стартап өткен болатын. Бұл стартаптар Astana Hub-тың Seed Money деген бағдарламасы бар. Ары қарай өздерінің жобасын дамыту үшін сол жоба аясында қаржыландыруға ие болады.

Әр финалист Seed Money бағдарламасы арқылы 5 млн тг дейін қаржыландырылады. Demo Day кезеңінде ұсынылған үздік стартаптар қатарында зорлық-зомбылық іс-қимылын анықтай алатын Protector AI, қант диабеті, артериялық гипертензия мен жүрек жеткіліксіздігі сияқты созылмалы жұқпалы емес ауруларды басқаруға арналған платформа qMed және аутизмі бар балалар мен олардың ата-аналарына арналған Autism Spectrum сияқты қосымшалар бар. Соңғы аталған жобаның негізін қалаушы - Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Әдия Қызылтаева.

Әдия Қызылтаева, «Autism Spectrum» ЖШС директоры:

- Біз ресми түрде ЖШС атандық. Бұл жоба балалардың бойында бар аутизм белгілерін ерте жасынан анықтауға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, соңғы 7 жыл ішінде ой-өрісінің дамуында ауытқуы бар балалардың саны 5 есе өскен. Сондықтан арнайы мобильді қосымшамыз бен сайтымыз қоғам үшін аса маңызды деп ойлаймын. Астанадағы 3 аурухана мен 2 бөлімше негізінде пилоттық жобамызды дәрігерлермен бірге сынақтан өткіздік.

Astana Smart City Accelerator бағдарламасы озық технологияларды қалалық ортаға енгізудің тиімділігін дәлелдеп отыр. Пилоттық жобалардың нәтижесі қазірдің өзінде қаладағы өзекті мәселелерді шешіп, тұрғындардың өмір сапасын жақсартып келе жатыр. Алдағы кезеңде үздік шешімдерді Қазақстанның басқа да өңірлерінде іске қосу және халықаралық нарыққа шығару жоспарланып отыр. Осы арқылы Астана бәсекеге қабілеттілігін нығайтып, елдегі ақылды қалаларды дамытудың үлгісіне айнала алады.

 

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Арман Ақшабаев, Дәулет Кибраев