Маусым айында Алматы облысында мәдениет үйі пайдалануға беріледі

 

Алматы облысынан сайланған Мәжіліс депутаттары Іле ауданының орталығы Өтеген батыр ауылындағы мәдениет үйінің құрылысымен танысты.

Аталған ғимараттың жобалық құны - 2 млрд теңге. 400 орындық мәдениет ошағы 2023 жылы халық игілігіне берілуге тиіс еді. Бірақ «қаржы жетіспейді» деген желеумен құрылыс жұмыстары 70%-ға ғана орындалған. Сол себепті жергілікті өнер ұжымдары Байкент ауылындағы мәдениет үйін пайдалануға мәжбүр. Аудан орталығында өтетін мәдени іс-шараларға артынып-тартынып, алыстан қатынайды. Мәжіліс депутаттары бұл жобаның о баста дұрыс жасалмағанын және пайдалануға беру мерзімі ұзарған сайын ғимараттың құны қымбаттай түсетінін алға тартты.

Максим Рожин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Шынын айту керек, мердігер осы уақытқа дейін жұмысты өз қаражатына жалғастырды. Дегенмен қазір осы ауданда екі бірдей мәдениет үйі салынып жатыр. Келісімшарт бойынша бұл объект маусым айында бітуі керек деген талап қойылып отыр.  Маусымда тексереміз. Уақытында жатса, құба-құп. Егер бітпей жатса, сотқа берілуі мүмкін, қайтадан жұмыс жасау керек болады.