Маңғыстауда жаңа жұмысшы мамандары даярланады
Жұмысшы мамандықтары жылында Маңғыстау облысында жаңа кадрлар даярланады, деп хабарлайды 24kz.
Енді өңірдегі білім беру мекемелерінде су бұру, гидрогеология, өнеркәсіпті автоматтандыру мамандары оқытылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Маңғыстау облысының әкімі хабарлады. Нұрдәулет Қилыбайдың айтуынша, 2025-2026 жылдары оқу-зертханалық корпусын ашу, жаңа идеялар хакатоны мен халықаралық «DostiSkills-2025» салалық чемпионатын өткізу жоспарда бар. Қазір аймақтағы колледждердің білім беру бағдарламасы «Жаңа мамандықтар атласының» талаптарына сай жаңартылып жатыр. Оның ішінде, әсіресе, құрылыс, энергетика, логистика салаларына басымдық берілген. Колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсарту жұмысы қолға алынған. Мәселен, емхананың бұрынғы ғимараты оқу-зертханалық корпусқа айналады. Сөйтіп, нысан Маңғыстау индустриалды-техникалық колледжіне берілмек.
«Сондай-ақ Бейнеу ауданындағы екі колледжге арналған жаңа ғимараттың жобасы әзірленіп жатыр»,- деді өңір басшысы.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:
- Колледждерде салаға бейіндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Білікті мамандарды даярлау 89 мамандықтың 129 біліктілігі бойынша оқытылуда. 2024-2025 оқу жылына 65 мамандықтың 92 біліктілігі бойынша 5615 орынға 90% мемлекеттік білім беру гранты бөлінді. Оның ішінде 70 жұмыс беруші мен колледж арасында келісімшарт негізінде нақты сұранысына сәйкес мемлекеттік білім беру грантына 580 студент қабылданды. Ол біздің өңірдегі «Казкор-Транссервис», «Озенспецстрой», «ҚазАзот» секілді ірі-ірі мекемелер.