Ақмола облысында әмбебап құтқару бөлімшесі ашылды
Ақмола облысының Макинск қаласында өрт сөндірушілер мен медицина қызметкерлерінің функцияларын біріктіретін жаңа мамандандырылған бөлімше ашылды, деп хабарлайды 24KZ. Бұған дейін «Астана – Көкшетау» автожолында орналасқан трассалық медициналық-құтқару пункті қазір №8 өрт сөндіру бөлімінің жанындағы жаңартылған кабинетке көшті.
Жаңа бөлімше 30 мыңнан астам тұрғыны бар бірнеше жақын елді мекендердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. «Әмбебап бөлімше төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге және құтқару операцияларының сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Төтенше жағдайлар министрлігі. Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде ғимарат керек жабдықтармен толықты. Мамандардың қызметтік және тұрмыстық қажеттіліктері ескерілді. Жаңа нысанда ас үй, жуынатын бөлме мен демалыс орындарынан бөлек, арнайы спортзал да бар.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Бұл депо әмбебап болады. Медицина жағынан, құтқару жағынан, өрт сөндіру жағынан. Сол жолмен әрі қарай жүреміз. Жөндеу жұмыстары, жиһаз алынды, керек техника алынып жатыр. Өздеріне лайықты жағдай жасау үшін барлық шаралар жасалды. Келесі аудандарға көшеміз. Ол аудандарды қараймыз. Бұл ремонтты біз 2,5-3 айда бітірдік. Әрі қарай да министрлік және департамент басшыларымен бірігіп, келесі қай ауданда жөндеу жұмысын жүргізетінін шешеміз.