Қостанай облысының үздік учаскелік испекторы анықталды

Аға лейтенант Нұрсұлтан Махин «Қостанай облысының үздік учаскелік инспекторы» атанды, деп хабарлайды 24kz.

Ауылдағы тәртіпті қадағалап, қылмыспен күрескен қызметкер көпке үлгі. Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде құқық бұзушылықтың алдын алуға баса мән беру керектігін қадап тапсырған болатын. Яғни, бұқарамен етене жақын жұмыс істейтін учаскелік инспектор үлкен жауапкершілік жүктеледі.

Мичурин ауылдық округінің учаскелік инспекторы Нұрсұлтан Махиннің әр аулаға кіріп, үйлерді аралауы күнделікті жұмысы. Округ аумағындағы үш елді мекенде бес мыңға жуық халық тұрады. Солардың ішінде жиі заң бұзатындары ерекше бақылауда.

Нұрсұлтан құр ескертумен шектелмейді, олардың екі қолға бір күрек тауып, дұрыс жолға түсуіне ықпал етуге тырысады.

Нұрсұлтан Махин, Мичурин ауылдық  округінің учаскелік полиция инспекторы:

- Ерекше талаптарда тұрғандар 21 адам, Және маскүнем тұрғандар 46 адам бар. Және де пробацияда тұрғандар бізде 18 адам. Солардың бәрін қадағалаймыз. Күнде шығып, үйлерінен өтіп, ерекше талаптарда тұрған, пробацияда тұрған адамдарға келіп, солармен сөйлесеміз.

Нұрсұлтан Махиннің осы ауылдық округте учаскелік инспектор болғанына бір жылдан енді асты. Осы аралықта жергілікті халық оны танып үлгерген.

Сәуле Сейдақова, ауыл тұрғыны:

- Тұрғын ретінде айтқым келеді. Өз жұмысын біледі. Тәртіп бұзушылықтарды қолға алады.Іс-шаралар өткізеді ылғи. Тыныш бәрі де. Кез келген уақытта, қай уақытта болса да, учасковыйымызға звондасақ, хабарлассақ, ылғи кері байланыс жасайды. Мектеппен қарым-қатынасы да өте жақсы. Балаларымыз таниды.

Учаскелік инспектор өз аумағында қоғамдық тәртіпті қадағалап қана қоймай, бірнеше қылмыстың жолын кескен. Оның тікелей араласуымен былтыр бес қылмыс ашылды.

Талғат Әлсейітов, Қостанай аудандық полиция бөлімі  басшысының орынбасары:

- Полиция аға лейтенанты Махин де өзінің жұмысын адал атқарып, басшылардың нұсқауларын уақытында орындап, қызметкерлер арасында беделі бар азамат. Жұмысында халықпен бірге тығыз жұмыс жасауының арқасында халықтың арасында да өзінің беделін көрсете білді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде халықтың әділдікке сенімі көп жағдайда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен адами қасиеттеріне байланысты екенін айтты. Нұрсұлтан Махин осы талап үрдісінен шығып жүрген тәртіп сақшыларының бірі.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров