Заң және тәртіп: Маңғыстау облысында есірткі жеткізумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Маңғыстау облысында есірткі затын тасымалдап, жеткізумен айналысқан қылмыстық топтың 7 мүшесі ұсталды, деп хабарлайды 24kz.

Жүргізілген тінту шаралары барысында 200 келіден астам марихуана тәркіленді. Күдіктілер қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері «Заң және тәртіп» қағидаты бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр. Сондай-ақ «Стоп синтетик Маңғыстау» деп аталатын Telegram-бот құрылды. Боттың көмегіне жүгініп, құқық бұзушылықтар туралы хабарлауға болады.

Айта кеткен жөн, өңірде есірткі қылмысының алдын алу шеңберінде 740 профилактикалық іс-шара өткізілді. Есірткі жарнамасы бар 800-ге жуық граффити-жазбалар жойылды. Есірткі құралдарын тарату және жарнамалау бойынша 610 интернет-ресурс бұғатталды.

Сағындық Аяғанов, облыстық полиция департаментінің бастығы:

- Нашақорлық – бұл жастар бетпе-бет келіп отырған ең күрделі мәселелердің бірі. Біз бұл зұлымдықпен күресуге және өскелең ұрпақ арасында оның алдын алуға ерекше назар аударамыз. Сонымен қатар біз есірткінің заңсыз айналымымен белсенді күресуді жалғастырудамыз және азаматтарды ынтымақтастыққа шақырамыз. Есірткі қылмысына қатысты кез келген ақпарат туралы жедел желі арқылы немесе жақын маңдағы полиция бөлімшесіне хабарлауға болады.