Заң мен тәртіп: Алматыда былтыр бір тоннадан астам есірткі тәркіленді

Алматыда былтыр бір тоннадан астам есірткі тәркіленіп, 23 есірткі зертханасы жойылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында айтылды.

«Бір жыл ішінде «есірткі жасырушы» 105 адам ұсталған, бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен әлдеқайда жоғары», - дейді мамандар. Нашақорлыққа қарсы күрес аясында 12 мыңнан астам заңсыз жарнамасы бар граффити өшірілді. Сонымен қатар 600-ден астам интернет-ресурс анықталып, оларды бұғаттау үшін «Киберқадағалау» мекемесіне жіберілді. Тамыз айында ірі операция жүргізіліп, психотроптық заттарды жасырын өндіруді ұйымдастырған үш адам ұсталды.

Дәурен Көбеев, Алматы қ. ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:

- Тінту барысында зертханалардан 20 килограмнан астам синтетикалық есірткі – мефедрон және 750 килограмнан астам әртүрлі қоспалар табылып, тәркіленді. Бұл қоспалар синтетикалық есірткілерді дайындау үшін қолданылады. Жалға алынған пәтерлерді тексеру кезінде мефедрон есірткісінің синтетикалық түріне жататын 800-ге жуық оралған пакеттер табылып, тәркіленді.