Шымкентте «Орталық су-спорт кешені» мемлекет меншігіне қайтарылды

Шымкентте сенімгерлік басқаруда болған «Орталық су-спорт кешені» мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды 24kz.

Нарықтағы құны 1 млрд 214 млн теңгеге бағаланған нысан 2017 жылы сатып алу құқығымен жекенің басқаруына берілген болатын. Алайда арадағы келісімшартқа сәйкес сегіз жылдың ішінде ешқандай инвестиция құйылмағаны анықталды. Керісінше қабырғалары қақырап, едені опырылған. Күйреуге шақ қалған нысанға прокурорлық тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде қауіпсіздік талаптарына сай келмейтіндігі белгілі болды. Сонымен қатар басқарушы компанияның салықтық берешегі 111 млн теңгеге жетіп, коммуналдық қарыздары да қордаланып қалған. Сот шешімімен барлық міндетті төлемдерді өтеуге 1 ай берілді. Сондай-ақ спортшыларды даярлауға бюджеттен бөлінген субсидияны қайтаруға міндеттелді. Ал кешенді қайта жаңғырту үшін жобалық сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Әйгерім Жұмағұлова, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы:

- Әкімдіктің және қалалық прокуратураның бірлескен жұмыстарының нәтижесінде бүгінгі таңда сот арқылы оны мемлекетке қайтару керектігі жөнінде шешім қабылданды. Ол спорт басқармасының балансында болады. Басқарма биылғы жылдың соңына дейін ол жерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, азаматтарға пайдалануға береді.