Ақмола облысында жолдарды қардан тазаламағаны үшін 16 лауазымды тұлға жазаланды

Ақмола облысында жолдарды дұрыс күтіп ұстамағаны үшін 16 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды 24kz.

Жыл басталғалы полиция қызметкерлері өңірдің автожолдарын тексеріп, бірқатар бұзушылықты анықтады. Мысалы, жол жамылғысы қардан және мұздан тазаланбаған. «Салдарынан жол ұйымдарының өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды», - деп хабарлады полиция департаменті.

Ержан Қошқарбаев, облыстық полиция департаментінің басқарма бастығы:

- Яғни, әкімдік қызметкерлері және жол ұйымдарының өкілдері жолдарды тазалау бойынша жұмыстарды дұрыс ұйымдастырмаған. Қар уақытында тазаланбай, көктайғаққа қарсы материалдар себілмеген. Бұл жол қауіпсіздігіне кері әсерін тигізді. Тексеру жұмыстары әлі де жалғасады. Жолдардың күтіп ұстауын дұрыс ұйымдастырмаған қызмететкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.