Қызылордада төрт саябақ жөнделеді

Қызылордада былтыр салынған саябақта ұзақ жылдан бері жайқалып тұрған ағаштар қурай бастаған, деп хабарлайды 24KZ. Басты себеп – арық жүйесі жоқ. Облыс орталығында биыл тағы 4 саябақ жөнделеді. «Құрылыс барасында жүздеген түп жасыл желекке зиян тие ме?», – деп алаңдайды табиғат жанашырлары.

Қызылорда қаласында 40-тан астам саябақ пен сквер бар. Қала тұрғындары саялы орындардың отбасымен демалу үшін ыңғайлы болғанын қалайды. Тұрғындардың айтуынша, демалыс орындары заманауи талаптарға сай жабдықталуы тиіс.

Сауалнама:

- Мысалы, бұрынғы паркті айтатын болсақ, аттракционнан гөрі бізде тамақ ішетін орындар өте көп еді. Енді жаңадан ашылатын паркте балаларды ойнататын аттракциондар болғанын қалаймыз.

- Қонақтарды алып келеміз, ішінде бірақ аттракцион онша көп емес еді. Үлкен қалаларды қарасаңыз, ішінде керемет аттракциондар болып, балалар жақсы қуанып қалатын. Бұл жақта демалыс орындары аздау.

- Парк болғаннан кейін балалардың демалатын жері, балалар болсын, халық болсын, демалатын қылып, жақсы, мәдениетті істеген дұрыс қой.

«Былтыр Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойына жаңадан сквер салынды. Бірақ ұзақ уақыттан бері жайқалып тұрған ағаштар қурай бастаған. Өйткені арық жүйесі жасалмаған», – дейді облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Болат Нұрқожаев.

Болат Нұрқожаев, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:

- Қазір осы жердің талы астарындағы бетонмен қаптап тастады да, су жүйесі жоқ, арық жүйесі жоқ, осы талдар қурап өліп жатыр. Міне, ол жағдай сол жерде де қайталанатын шығар деп отырмыз және мына жердің өзінде осы кішкентай аумақтың өзінде қазір 300-400 тал жоқ болды. Бұл 10 жылдан бері шығып тұрған талдар. Оны өлтіру, абаттандырған кезде кесіп тастап, алып тастау оңай. Ал дәл осындай парк қылып, қайта шығару үшін адамның 10-20 жыл уақыт кетеді.

Биыл қаладағы ең үлкен 4 саябақты қайта жаңғырту жоспарланған. Бұл жобалардың жалпы құны 24 миллиард теңгеге бағаланған. «Құрылыс барасында тұрғындардың барлық ұсынысы ескеріледі», – дейді мамандар.

Ғалымжан Еркебай, қала әкімінің орынбасары:

- Талдарды қалдырып, сосын сол талдарға су баратын жолдарын қарастырып жатырмыз. Қаламыздың барлық жеріне аяқсу апаруға жұмыс жасаймыз. Жаңа айтып өткен паркердің ішінде де аяқсу апарып, талдарды барынша тамшылатып, жаңбырлатып суару емес, тек аяқсу апаруға жұмыс жасап жатырмыз.

Мамандардың айтуынша, Тұңғыш Президент саябағы демалыс аймағы ғана емес, тұрғындардың спорттың бірнеше түрімен шұғылдануына мүмкіндік жасалатын орын болады. Жасыл желекті сақтай отырып, заманауи аттракциондар мен субұрқақтар, футбол, теннис, воркаут, стритбол алаңдары мен велосипед жолы секілді нысандар салу жоспарланған. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.