Биыл елде 225 жаңа вагон сатып алынады
Елде теміржол саласы жаңғыртылып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Биыл 225 жаңа вагон сатып алынады. «Достық – Мойынты» бағытындағы пойыздар ағыны бес есе ұлғаяды. Алматы айналма жолының да құрылысы аяқталмақ.
Былтыр елдегі теміржолдар арқылы 260 млн тоннадан астам жүк тасымалданған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 4%-ке артып отыр. Биыл Достық – Мойынты теміржолының құрылысы аяқталады. Нәтижесінде онда тәулік сайын қатынайтын пойыздар санын 12 жұптан 60 жұпқа дейін көбейтуге мүмкіндік тумақ.
Жәнібек Тайжанов, ҚР КМ Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы:
- Биыл 2 жоба аяқталады. Олар Достық – Мойынты және Алматы айналма жолы. Алғашқысы 836 шақырым болса, кейінгісі 75 шақырым. Елде соңғы үш жылда теміржол тасымалының қарқыны 3-5% аралығында өсіп отыр.
Бұдан бөлек, Дарбаза-Мақтарал бағытында тасымал көлемі ұлғаяды. Ал Бақты-Аягөз теміржолында жаңа өткел салынып жатыр. Елде дәл қазір жүзеге асып жатқан 4 жоба 1300 шақырым теміржолды қамтиды.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырумен қатар, магистралдық теміржол желісін дамыту бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2029 жылға дейін 11 мың км теміржол учаскелерінде жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 5 мың шақырымды құрайтын жаңа және екінші жолдардың құрылысы, 2600 шақырым автоблокировканы енгізу және 184 станцияны модернизациялау жоспарланған.
Былтыр пойыздар арқылы 21 млн жолаушы қатынаған. Алдағы бес жыл ішінде 1200 жаңа вагон сатып алу көзделіп отыр. Соның 225-сі биылғы жылдың еншісінде.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов.