Алматы облысында қаза тапқан полицей «Айбын» орденімен марапатталды
Алматы облысында қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан жол полициясы қызметкері үшінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталып, мемлекеттік награда әкесіне табыс етілді.
Әріптестері алдымен аға лейтенант Шалқар Байжомартовты бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Естеріңізге сала кетейік, Алматы облыстық полиция департаментіне қарасты патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторын жаңа жыл қарсаңында «Алматы-Өскемен» тас жолының 42-шақырымында көлік қағып кеткен еді. Жол-көлік оқиғасын рәсімдеп жатқан аға лейтенант Байжомартов сол жерде мерт болды. Ішкі істер вице-министрі Айдар Сайтбеков қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан полиция қызметкерінің отбасына тағы бір мәрте қайғыра көңіл айтып, оның есімі ел есінде мәңгі сақталатынын жеткізді.
Айдар Сайтбеков, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
- Біріншіден, қайғыларыңызға ортақпыз. Ішкі істер министрі сіздерге осы арнайы жіберіп жатыр. Енді осындай баланы сіз тәрбиеледіңіз, батыр баланы. Бейбіт күннің батыры. Қазір енді біздің қызметте көптеген әріптестеріміз күн демей, түн демей жұмыс істеп, өкінішке орай кей кездерде осылай қызмет бабында көз жұмып жатыр.
Оспан Байжомартұлы, Шалхар Байжомартовтың әкесі:
- Қошеметтеп жатқанына рақмет! Баламнан ажырап қалдым. Араларында жүре бергенде де болатын еді. Басқа не айтамын, ештеме айта алмаймын мен. Сол қайғыдан қан жұтып жатырмыз ішіміз күйіп. Не болғанын білмей қалдық. СКЛ Бағаланып жатыр, рақмет!