СҚО-да сумен жабдықтаудың сараланған тарифі енгізілді

Солтүстік Қазақстан облысында сумен жабдықтаудың сараланған тарифі енгізілді.

Енді жеке тұлғалар үшін коммуналдық төлем тұтыну көлеміне қарай есептеледі. Бұдан былай жан басына пайдалану мөлшері 3 текше метрден көп болса орташа, одан асса жоғары тарифпен саналады. «Бұл ауызсуды үнемдеуге мүмкіндік береді», - дейді мамандар.

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары жаңа жылдан бастап суға сараланған тарифпен төлейді. Енді коммуналдық қызмет ақысы тұтыну көлеміне қарай есептеледі. Ол бойынша саналған түбіртек ақпан айында келеді. 

Людмила Петрова, қала тұрғыны:

 - Біз үйдегі 3 ересек адам айына орташа есеппен 18 текше метр су тұтынамыз. Оның жартысы ыстық су. Кір жуу машинасына көп кетеді. Қазір коммуналдық қызметтің барлық түріне 30 мың теңге төлейміз.

Сумен жабдықтаудың сараланған тарифін табиғи монополияларды реттеу комитетінің жергілікті департаменті мен өңірлік комиссия бірлесе қабылдады. Енді жан басына шаққандағы 3 текше метр су ең төменгі тарифпен есептеледі. Оның бағасы өзгеріссіз қалды: қосымша құн салығынсыз 84 теңге 22 тиын.  

Дамир Тоқтамысов ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің СҚО бойынша департамент басшысы:

- 3 текше метрі ең төменгі тарифпен төленеді. Яғни 3 адам ол 9 текше метр болады. 9-дан 13-ке дейін бұл 4 текше метрі орташа тарифпен төленеді. Яғни 20 пайызға жоғары тариф қолданылады.

Петропавл қаласы бойынша тіршілік нәрін 110 мыңға жуық жеке тұлға пайдаланады. Былтыр олар 13 жарым млн текше метр су тұтынған. «Сараланған тариф адамдарды ең алдымен үнемшілдікке үйретеді», - дейді мамандар.

Марина Кругляк, сумен қамту мекемесі өткізу қызметі бастығының орынбасары:

- Кейбір отбасылар есептеу құралының көрсеткіштерін бермейді. Сондықтан олардың су тұтыну мөлшері 20-30 текше метрге дейін көбейіп кетеді. Осы ретте сараланған тариф адамдарды тәртіпке салады деп ойлаймыз.

Мамандардың айтуынша, сараланған тариф Петропавл қаласы бойынша жылына бір жарым млн.текше метр су үнемдеуге мүмкіндік береді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков