Жамбыл облысында қант қызылшасын өткізе алмай отыр
Жамбыл облысында қант қызылшасын еккен шауралар 2 айдан бері өнімін өткізе алмай отыр, деп хабарлайды 24kz.
Салдарынан үйіндіге айналған тәтті түбірдің бір бөлігі шіріп кетті.
Қазір 3 ауданда бас аяғы 100 мың тоннаға жуық қызылша бар. Мәселенің шешімі қалай болмақ?
Мерей Бает, тілші:
- Қамбар Қатаев жаз бойы баптап өсірген өнімін күнде келіп қорып жүр. Себебі үйілген қылшасы қараусыз қалса, малға жем болатын түрі бар. Диқан тәтті түбір егуді 6 жыл бұрын қолға алған. Биыл егіс аумағын 60 гектарға жеткізіп, 5 мың тоннадан аса өнім алды. Бірақ тауарын қант зауытына өткізе алмай отыр.
Қамбар Қатаев, шаруа:
- Бұны өткізудің өзі қиындап кетті. Лимит дейді. Осы 3-4 күн болды 15 машина жіберіп едік. 5-еуі өтіп 10-ы тұр 5 күн болды. Зауыттың өзі қабылдамай жатыр. Күн жылы болса, мынау жарамай қалады шіріп. Ағып кетеді. Не істерімізді білмейміз.
Сәкен Ералиев, шаруа:
- Көршілес ауылдарда да жатыр осындай. Шоқайда бар Құмтиын бар, Молтовта да бар. Бәрінде жатыр Қаракемер де бар. Өткізе алмай жатыр ағайындар.
Жамбыл ауданының өзінде 12 мың тоннадан аса өнім далада жатыр. Оған қоса, Қордай ауданында 24 мың тонна болса, ең көбі Байзақта 60 мың тоннаға жуық қант қызылшасы далада қалған.
Мерей Бает, тілші:
- Қызылшасын қант зауытына жеткізе алмаған шаруалар егістікте жатқан өнімін ауыл маңына осылай үйіп тастаған. Мәселен мынау Бірлесу Еңбек ауылындағы бір ғана шаруаның өнімі. Мұнда жинақталған қылшаның бір бөлігі қар астында қалып үсікке ұрынса, қалғанын төрт түлік жей бастаған.
Жалпы облыста 11 мың гектарға қызылша егілді. Одан шаруалар 600 мың тоннадан аса өнім алды. Қазір соның 500 мыңын Меркі мен Ақсу қант зауыттары қабылдаған. Қалған 100 мың тонна тәтті түбірді Ақсу зауыты мен Қырғызстанға өңдеуге жөнелтпек. Себебі Меркі зауытының әрі қарай тәтті түбір қабылдауға қуаттылығы жетпейді.
Әбдірасыл Желеубаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Қырғызға жөнелтілген өнім темір жол көлігі арқылы жүргізіп отырмыз. Күнделікті 12-15 вагонға дейін жіберіп отырмыз. 1500 тонна жеткіздік. Шыққан қанттың қанттылығын оның экономикалық тиімділігін есептеп, Тараз әлеуметтік корпарациясы арқылы өңдеп, дайын қантты Қазақстан төңірегіне нарығына кіргіземіз.
«Күн райы жақсы болса қалған өнімнің барлығын 20 күнде зауыттарға жеткіземіз», - дейді жауаптылар. Ал Қырғызстанға өңдеу үшін жеткізілген қылшаның әр тоннасына бюджет есебінен 25 мың теңгеден төленбек.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә