Өскеменде жедел құтқару жасағына жаңа техникалар берілді
Енді төтенше жағдай қызметкерлері шақырту түскен жерге жол талғамайтын жүрдек көліктермен жылдам жетеді, деп хабарлайды 24kz.
Бір айта кетерлігі, кинологиялық бөлімше құрамы 4 қызметтік итпен толықты. Мамандар ізшіл иттерді бір жыл бойы жаттықтырған. Енді олардың көмегімен қар көшкіні болуы ықтимал жерлерде тәулік бойы кезекшілік атқаруға кірісті.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Құтқару операциясы кезінде қызметтік иттердің аяғынан жарақат алу қаупі жоғары. Сол себепті ізшіл жануарларға арнайы киім кигізіледі. Соның арқасында олар от пен суға жасқанбай кіріп, иесінің тапсырмасын бұлжытпай орындайды. Кинолог Марина Цуканова Дейзи есімді швецариялық овчарканы күн сайын бірнеше сағат полигонда жаттықтырып жүр. «Қызметтік иттің адамға сенімі толық қалыптасуы үшін кемі үш жыл қажырлы еңбек ету керек», - дейді мамандар.
Марина Цуканова, ШҚО ТЖД Шұғыл-құтқару жасағының бас кинологы:
- Итті құтқарушы мамандығына баулу ерте жастан басталады. Кейбірі берілген пәрменді тез әрі дұрыс қабылдап, сынақтардан қысқа мерзімде өтеді. Ал кейбірін күнелікті жұмыстан қолымыз бос уақытта жаттықтыруға тура келеді.
Қызметтік ит жетектеген құтқарушылар енді шақырту түскен жерге жүрдек көліктермен тез барады. Озық үлгідегі техника жолсыз жерде жайлы жүрісімен зардап шеккен адамды емханаға қауіпсіз апаруға қолайлы. Тек былтырдың өзінде төтенше жағдай қызметкерлері 578 рет шұғыл көмекке аттанып, бірнеше адамның өмірін сақтап қалған.
Серік Асылов, ШҚО ТЖД Шұғыл-құтқару жасағы басшысының орынбасары:
- Қиын жұмыстарды істейміз. Қарлы-боранда батпақта жүре алатын дөңгелектері үлкен техникалар бізге өте қажет. Министрлікке рахмет, биыл осындай көп техникаларды беріп, жаңа бізге өте жақсы болды. Мына кинологтар бұрын иттерді уазиккке салып жүретін еді. Енді мынадай шетелдің жақсы техникасымен бәрі дұрыс жұмыс істейді деп ойлаймын.
Шығыс Қазақстан облысының таулы аймақтарында қар көшкіні жүру ықтимал 300-ден астам орын белгіленген. Қызметтік иттердің көмегімен құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік атқарып, шақырту түскен бойда көмекке баруға тас-түйін дайын.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин