Қазақстандық кілемдер әлемдік нарыққа шықты
Отандық кілем өндіруші компания тұңғыш рет халықаралық ірі көрмеге қатысты, деп хабарлайды 24kz.
Ыстамбұлда өткен көрмеге Қазақстанда тоқылған кілемдердің түр-түрі қойылды. Әсіресе, ұлттық нақыштағы кілемдер көрме қатысушыларының көңілінен шықты. 20-ға жуық елден 400-ден аса компания қатысқан іс-шара әлемдегі ең ірі көрмелердің бірі саналады. Бұл жерде өндірушілер өзара танысып қана қоймай, әлемнің әр түкпірінен келген сатып алушылармен келісім шарт жасасады. Кілем тоқу саласындағы инновациялармен танысады.
Арсен Дауытов, тұтынушы (Ресей):
- Біз Магнитогорск қаласынан келдік. Кілемдердің бағаларын салыстырып, өндірушілермен танысу үшін көрмені арнайы аралап жүрміз. Ең әдемі әрі ерекше кілемдер қазақстандық фабриканың кілемдері екен. Енді алдағы уақытта ірі көлемде тапсырыс беруді жоспарлап отырмыз.
Талғат Ысқақов, кілем өндіруші компанияның басшысы:
- Ыстамбұл қаласындағы бүкіләлемдік кілем көрмесіне келудегі мақсатымыз – қазақ кілемі деген брендті әлемге таныту. Қазақ өндірісі, қазақ мәдениеті, қазақтың ұлттық ою, ұлттық өнерін мына біздің Қазақстанда шығып жатқан кілемдерді әлемге танытып, сатылымды көбейту.