Елімізде теңізші-электромеханик маманы тапшы

Қазақстандағы 1200-ден астам теңізшінің тек 30-ы ғана тиісті білім алып, аталған мамандықты игерген, деп хабарлайды 24kz.

Еліміздегі порттардың теңіз әкімшілігі: «Кемедегі электромеханиктердің қатарын 3 есе арттыру қажет», - дейді. Себебі қазір шетелдік мамандарға иек артуға тура келіп отыр.

Елімізде 1200-ден астам теңізші бар. Олардың 55 %-ы жетекшілік құрамнан: кеме капитандары мен аға көмекшілері және аға механиктер. Жартысы Қазақстан азаматы болса, қалғандары Ресей, Грузия, Әзербайжаннан келген мамандар. ҚР порттарының теңіз әкімшілігі басшысы Асылбек Теңізбаев: «Парсы шығанағы мен Араб теңіздерінде жүзіп жүрген кемелерде де бұл лауазымдар Филлипин, Малайзия және Индонезия азаматтарына тиесілі», - дейді.

Асылбек Теңізбаев, ҚР Порттарының теңіз әкімшілігінің басшысы:

- Негізінен электромеханиктер тапшы. Бұл мамандық өте маңызды. Себебі жыл өткен сайын автоматты басқару жүйесі орнатылған су көлігі көбейіп келеді. Қазіргі таңда қазақстандық кемелер шетелден электромеханик теңізші жалдауға мәжбүр. Сондықтан бұл мәселені Есенов университеті мен Алматыдағы ҚБТУ қаперіне алады деген үміттеміз.

Қазақстанда теңізшілерді тек аталған екі жоғары оқу орны ғана оқытады. Олардың бірі – Ақтаудағы теңіз академиясы. Оны жылына 30 түлек тәмамдайды. Қазір Кеме жүргізу, Кеменің энергетикалық қондырғыларын пайдалану, Кеме электромеханигі және Порттар мен көлік терминалдарының тиеп-түсіру жабдықтарын пайдалану мамандықтары бойынша 150 студент біліп алып жүр.

Жақсылық Көпбаев, Теңіз академиясының деканы:

- Бұл мамандықтарға сұраныс жыл санап артып келеді. Транскаспий дәлізі қарқынды дамып жатқандығы баршаға аян. Жүк тасымалы, оның ішінде мұнай және теңіз контейнерлері тасымалы күрт өсті. Нәтижесінде біздің түлектердің 70%-ы қолына диплом алған сәттен бастап жұмысқа қабылданады. Және бұл көрсеткіш жыл санап көбейіп отыр.

Теңіз академиясын биыл тәмамдайтын 30 студенттің 15-і жұмысқа шақырту алып үлгерген. Қос дипломды бағдарлама аясында білім алған жастарды шетелдік компаниялар да асыға күтеді.

Азидулла Алдабергенов, Теңіз академиясының декан орынбасары:

- 2024 жылы ел Президентіміздің Әзербайжан еліне сапары барысында Қазақстан теңіз дипломдарын Әзербайжан елінде және Әзербайжан теңіз дипломдарын қазақ елінде танылуы бойынша келісімге қол қойды. 

Ал Ақтаудағы жоғары оқу орнында көрші мемлекеттің 25 азаматы білім алып жатыр. Студенттермен алмасу тәжірибесін қамтитын қосдипломдық бағдарлама аясында білім алғандардың бірі – Нұржан Смағұл. Алты айдан соң теңіз академиясын тәмамдайды. Бұған дейін Бакуде оқып қайтқан.

Нұржан Смағұл, Теңіз академиясының студенті:

- Мен ол жерде үш жыл оқыдым. Үш жылда ол жерде оқумен бірге практика да болды. 1 жыл 3 ай теңізде болдым. Көптеген елдерді теңіз арқылы көрдім. Менің мамандығым - өте сұранысқа ие мамандық. Сондықтан мен көптеген теңіз компанияларымен келісімшартқа отырып, бұйырса, осы жердің дипломын алғаннан кейін сол компанияларда жұмыс істеймін.

Ақпан айында болашақ теңізшілер қос дипломдық бағдарлама аясында Литва теңіз академиясына аттанады. Қазір тиісті құжаттар рәсімделіп жатыр. Бұдан бөлек, оқытушылардың да біліктілігін арттыру көзделген. Жоспарға сай академия ұстаздары голландиялық әріптестерімен тәжірибе алмасады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Тамара Степанова, Саламат Бекбаев, Ренат Дусалиев