Травматология және ортопедия орталығында жылына 700-ге жуық операция жасалады

Қаңтардың бірінен бастап Бәтпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығына 50 адам жүгінген, деп хабарлайды 24kz.

Оның ішінде 31 науқас аяққа тік тұрды. Жалпы орталықта жыл сайын 700-ге жуық адамның омыртқасына операция жасалады. Ауруға шалдыққандар үшін дәрігерлердің қымбат қызметтері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде тегін ұсынылады.

Степногорск қаласының тұрғыны Елена Голохованың арқа ауруымен күресіп жүргеніне көп болды. Тіпті соңғы екі айда дерт күшейіп, аяқ-қолы сырқырай бастаған. Ем алушы омыртқа грыжасын алып тастау үшін жеке клиникаларға жүгінген. Алайда олар 2 млн теңгеге жуық қаржы сұраған. Ал елордадағы ғылыми травматология және ортопедия орталығы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде науқасты тегін аяққа тұрғызды.

Елена Голохова, Степногорск қаласының тұрғыны:

- Ең алдымен порталға тұрдық. Сосын бізді клиника қабылдады. 1 апта ішінде осы жерге келдік. Ота жасалды және мен ойлағаннан да сәтті өтті. Қазір мен баяу жүре бастадым. Дәрігерлерге ризашылығымды білдіремін.

Ал, Астаналық Виктор Деевқа жақын арада операция жасалады. Науқаста омыртқаның дегенеративті зақымдануы және диск грыжасы бар.

Виктор Деев, Астана қаласының тұрғыны:

- Мен алдымен бүйрегім ауырып жүр деп ойладым. Дәрігерге қаралдым, бәрі жақсы болып шықты. Артынша рентген суреті шыққанда грыжа екенін білдім. Ол біршама өскен. Жүйкеме әсер етіп, орнымнан тұра алмадым.

Жыл сайын Бәтпенов атындағы ұлттық травматология және ортопедия орталығында 700-ге жуық адамға операция жасалады. Ал 800-ден аса адам ем қабылдайды. «Олардың басым бөлігінде бас-сүйек ми жарақаты, сынықтар және омыртқа аурулары кездеседі», - дейді мамандар.

Мұрат Байдарбеков, Омыртқа жарақаты бөлімшесінің меңгерушісі:

- Қазіргі таңда қыс айына байланысты көлік апаты бойынша даладағы травмалар және өндірістік травмалар.

Орталықта шетелдіктер де операция жасатады. Бір елде оның бағасы біздікінен әлде қайда қымбат болса. «Екінші бір елде біз ұсынатын операцияларды жүргізуге мүмкіндік жоқ», - дейді дәрігерлер.