ШҚО-да туристік нысандарға жол салынады

Шығыс Қазақстан облысында жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының 60%-дан астамы талапқа сәйкес келмейді. Бұл жайында ҚазАвтоЖол өкілдері мәлімдеді.

Әсіресе Қытай мен Ресейге апарар жолдың жайы туристік сала мамандарын алаңдатып отыр. Себебі Ақ берел өзеніндегі көпір қазір апатты жағдайда. Ал ЮНЕСКО тізіміндегі Қатон-Қарағай ұлттық паркіне барар ой-шұңқырлы жолдың жайы мәз емес. Қызмет көрсету сапасын арттыру үшін жергілікті билік жолдарды жөндемек.

Былтыр туристік нысандарға баратын 100 шақырым жол ағымдағы жөндеуден өтті. Ал Қатон-Қарағай мен Зайсан аумағында әуежай құрылысы жоспарланып отыр. «Бұл жұмыстар туризмнің тамырына қан жүгіртіп, аймақ экономикасына оң әсерін тигізеді», – дейді сала мамандары.

Сымбат Рамазанов, ШҚО кәсіпкерлер палатасы туризм кеңесінің төрағасы:

- Жалпы шығыста ғана емес, Қазақстанда да туристік нысандардың барлығы облыс орталығынан, қала, аудан аймақтарынан өте алыс жақта орналасқан. 200-300 шақырым, 500-600 шақырым. Сондықтан әсіресе осы құрылыс салаларында жолдың сапасының жақсылығына көп мән беру керек. Сонымен қатар, мысалы, Қытайдан келетін туристер бізге Шығыс Қазақстанға мына Зайсан арқылы келеді. Зайсан мен осы шекара арасындағы жолдардың да мәселесі өте бір шұғыл шешуді талап етеді.