Мемлекеттік қызметке қабылдау процесі жеңілдетіліп келеді

Елімізде мемлекеттік қызметке қабылдау процесі жеңілдетіліп келеді, деп хабарлайды 24KZ. 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдама салаға оң серпін беріп отыр. Қазіргі таңда елге еңбек еткісі келетін үміткерлерді іріктеудің онлайн форматы енгізілген. «Е-қызмет» деп аталатын жаңа жүйе 44 мемлекеттік органда қолжетімді. Ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған бастамаға 2026 жылға дейін барлық құзырлы мекемелер қосылады.

Айта кетсек, қазіргі таңда мемлекеттік қызметте 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 34,7%. Көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда жоғары. Тікелей Мемлекет басшысы бастамасымен іске қосылған жастар кадрлық резерві де оң нәтижесін берді.

Азамат Жолманов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:

- Бұл мүмкіндік жоғары оқу орындарын мемлекеттік грантпен және жақсы көрсеткішпен бітірген яғни, GPA 3.33-тен жоғары түлектер үшін жасалып отыр. Аудандық пен ауылдық жерлердегі төменгі және басшылық емес лауазымдарға конкурстық іріктеусіз орналасу мүмкіндігі өткен жылы берілген болатын. Бүгінде 400-ден астам түлек мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз тағайындалды. Оның 270-і аудандық, 164-і ауылдық деңгейде.