Мемлекеттік қызметтегі жастардың қатары көбейді
Елімізде мемлекеттік қызметке құлықты жастардың қатары көбейді. Жыл сайын 7000-ға жуық жас елге еңбек етуге өтінім беріп, қатарға қосылып отыр. Жалыны мен жігерін жұмысқа арнаған азаматтарға бүгінде берілген мүмкіндік көп. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі өткен жылдың өзінде салада онлайн іріктеу мен байқаусыз жұмысқа қабылдау жаңашылдықтарын іске қосты. Жауапкершілігі мен жүгі салмақты салада қандай өзгерістер болмақ? Агенттік қолға алған ауқымды жоба-жоспарлар қандай?
Мемлекеттік қызмет – қоғам мен қарашаның мүддесіне қызмет ететін салмақты сала. Жауапкершілігінің жүгі ауыр екенін Мемлекет басшысының өзі ұдайы айтып келеді. Тиісінше бұл бағытты заман талабына сай жетілдіру һәм ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету – Жолдау жүктеген негізгі міндет. Президент пәрменін ойдағыдай орындау мақсатында өткен жылы біраз шаруа атқарылғаны мәлім.
Ілкімді істің ауқымдысы – агенттік бастамасымен қолға алынған заңнамалық жобалар. Соңғы 2 жылда 92 нормативтік-құқықтық акті қабылданды. Елге ерінбей еңбек еткісі келетін құлықтыларды сан түрлі саладан тарту қолға алынды. Бұл ретте «Б» корпусының басшылық лауазымдарына тікелей тағайындау тәсілі енгізілді. Жаңашылдық 180 маманның жауапты қызметке келуіне ықпал етті.
Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы:
- Өздеріңіз білесіздер, шілде айында Мемлекет басшысы тапсырмасымен мемлекеттік қызметті 2029 жылға дейін жаңғырту бойынша тұжырымдама әзірленген болатын. Соған сәйкес осының ішінде бір тармағы осы ерте кезден мемлекеттік қызметке дайындау, оларды бейімдеу бойынша арнайы жоспарымыз бар.
Жаңашылдық бұл ғана емес. Енді отандық жоғары оқу орындарын тәмамдаған түлектері де мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеуден өтпей-ақ, бірден қабылдана алады. Елге еңбек еткісі келген жалынды жастар облыс орталығы мен аудан, қалаларда қызметке орналасуға жеңілдік жасалып отыр. Мұның да бірқатар шарты бар. Айта кетсек, мүмкіндікке ие болғысы келетін студенттің диплом бойынша жинаған балы ескеріледі. Грантта білім алған білімгерлерге басымдық беріледі. Өңірлік кадр резервтеріне іріктеуде де өзгерістер бар.
Қазір мемлекеттік органдар жұмысына шағым естіп жатамыз. Халықтың үдесінен шығу үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?
Қызмет алушылардың құқықтарын қорғау мен сапалы мемлекеттік қызмет көрсету бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл ретте агенттік қашықтықтан мониторинг жүргізудің жаңа тәсілін тәжірибеге енгізген. Өткен жылдың өзінде тексеріс нәтижесінде 85 мыңнан астам бұзушылық анықталыпты. 360-тан аса лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қарашаның сенім үдесінен шығып, салада сапаны арттыру шаралары әлі де жалғасатыны мәлім.